Азаматтық қоғам және алдағы міндет

9

0

27 ақпан – Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне орай «Достық үйінде» «Әділетті Қазақстанның жаңа Конституциялық моделі: қоғамдық бірлестіктер мен жергілікті атқарушы органдардың ынтымақтастығы» тақырыбында салтанатты жиын өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы» қауымдастығының төрайымы Анар Ізден, ҮЕҰ жетекшілері, қоғам белсенділері, сарапшылар, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында Мейрамбек Шермағанбет үкі­меттік емес ұйым өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, өңірде азаматтық қоғам инсти­туттарының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Азаматтық қоғам – ел дамуының, демо­кра­тиялық құрылымдардың және қоғам­ның әлеуметтік-рухани бірлігінің негізгі тіре­гі. Оның дамуы елдің тұрақтылығы мен өр­кендеуі үшін шешуші мәнге ие. Өңірде Мемлекет басшысының тапсырмаларын жү­йелі негізде орындау мақсатында нақты іс-ша­ралар жүзеге асырылуда. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен барлық аудандарда салынған «Руханият» орта­лықтарында Үкіметтік емес ұйымдарға, арда­герлер мен аналар кеңестеріне, этномәдени бірлестіктерге, жастар ұйымдарына арнайы жаб­дықталған кабинеттер беріліп, оларға орталықтың барлық әлеуетін пайдалана оты­рып азаматтық қоғамның дамуы мен белсен­ділігін арттыруға бар жағдай жасалды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жыл­дығы аясында 5 қаңтарда пайдалануға беріл­ген біз бас қосып отырған «Достық үйін­де» облыстық Азаматтық Альянсқа аймақ бас­шысының тапсырмасымен қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамтылған арнайы жұмыс кабинеті берілді. Баршаңызды атаулы мерекелермен құттықтай отырып, азамат­тық қоғамның дамуына, үкіметтік емес ұйым­дар­дың белсенді жұмыс жасауына, әлеу­меттік бастамалардың табысты жүзеге асуы­на сәт­тілік тілеймін, – деді Мейрамбек  Зинабдинұлы.

Жиында «Ақ босаға» әйелдер ҚБ төрайымы З.Тажиева, «Бастаманы қолдау» ҚБ атқарушы директоры Ж.Сапаржанова, облыстағы «Gamma MMA» федерациясы ҚБ төрағасы Б.Қобланов, «Жас Арал өрендері» ҚБ төрағасы Н.Жорғабаев баяндама жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Сондай-ақ шара соңында өңірдің қоғамдық өміріне белсенді үлес қосып жүрген бірқатар үкіметтік емес ұйым өкілдеріне облыстың ең жоғары марапаты Құрмет грамотасы және облыс әкімінің Алғыс хаты берілді.

«СБ» ақпарат