Азаматтық қоғамның ауылға ықпалы

129

0

Кеше Қызылордада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Ауылдық аймақтарды дамытудағы азаматтық қоғамның рөлі» атты форум өтті. Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, форумға Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов, Қазақстанның Азаматтық альянсы президенті Бану Нұрғазиева, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Жанаргүл Әлжанова, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева, Орталық Азиядағы Еуразия қорының директоры Ринад Темірбеков, еліміздің бірқатар өңірінен қонақтар мен жауапты сала басшылары қатысты.

Аймақ басшысы азаматтық сектор халық пен биліктің арасында алтын көпірге айналған ортақ алаң екенін айтты.

– Бүгінде еліміздің дамуын айқын­дайтын көрсеткіштердің бірі – азаматтық сектор. Мемлекеттің табыстылығы үкіметтік емес ұйымдардың жемісті әрі тиімді қызметіне тікелей байланысты.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында: «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мем­лекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деп атап өткен болатын.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында облыста 15 қоғамдық ұйым болса, бүгінде олардың қатары мыңға жуықтады. Оның 300-і өңіріміздің қоғамдық-саяси, мәдени-рухани өміріне белсенді ара­ласуда. Бұл қоғамда азаматтық жауап­кершілік пен белсенділіктің артқанын айқын көрсетеді.

Барлық ауданда үкіметтік емес ұйым­дармен өзара іс-қимыл және ынтымақ­тастық жөніндегі кеңестер, жүзеге асырылатын жобалардың тиімділігі мен өзектілігін бағалайтын сарапшылық топтар жұмыс істейді. Әкімдіктер жанындағы кеңестер мен комиссиялардың жұмысына 190 үкіметтік емес ұйым өкілі белсенді қатысады.

Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс арқылы азаматтық қоғам институттарына қаржылай қолдау көрсетіліп келеді. 2023-2025 жылдары мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында бюджеттен 3 млрд 684 млн теңге қаражат бөлініп, 427 әлеуметтік жоба іске асырылуда, 3 мың адам жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік жоба­лардың 200-ге жуығы ауыл тұрғын­дарының қатысуымен ұйымдастырылды. Басым бөлігі халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсетуге, қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті нығайтуға, ха­лықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу­ге бағытталған.

Қоғамдық қауымдастықтың көшбас­шылары ретінде бәріңізді Әділетті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құру жолында халықтың бірлігін арттыруға, егемен елі­міздің жарқын болашағына бірлесе қыз­мет етуге шақырамын! – деді облыс әкімі.

Форумда Н.Байқадамов, М.Әбенов, Р.Темірбеков, Л.Шыңғысбаева, Ж.Әл­жанова, Б.Нұрғазиева сөз сөйлеп, азамат­тық қоғам институттарының маңыз­дылығына тоқталды. Сондай-ақ өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға облыстың Құрмет грамотасы, облыс әкімінің, Қазақстанның Азаматтық альянсы төрайымының Алғыс хаты табысталды.

Форумға дейін Сырдария ауданының Нағи Ілиясов, Бесарық ауылдарында секциялық отырыстар өткізілді. Онда ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешу, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақ­сарту, қоғамдық бақылау жүргізуге үкімет­тік емес ұйымдарды тарту мәселе­лері қозғалды. ҮЕҰ туралы жаңа заң жобасы талқыланып, тиісті ұсынымдар қабылданды.

«СБ» ақпарат