«2019 жылдың басында Қазақстан арнайы «Жусан» операциясын жүргізген болатын. «Жусан» операциясы – Қазақстан осы адамдардың (кезінде Сирияға кетіп қалған азаматтардың – авт.) үйі екенін көрсетті. Операцияның арқасында елге 600-ге тарта адам қайтарылды. Олардың 406-ы бала. Олардың бәрі де оңалту шараларынан өтіп, қазақстандық қоғамға бейімделді. Қазіргі уақытта Ирактан 14 баланы қайтару бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Олардың аналары сол жақта өмір бойы бас бостандығынан айырылған», – деді ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді отырыс барысында. Министрдің айтуына қарағанда, Қазақстан мұндай гуманитарлық акцияларды жүргізіп жатқан әлемдегі санаулы мемлекеттердің бірі. «Біз өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз», – деді ол. Еске салайық, «Жусан» гуманитарлық операциясы – ауқымды акция. Бұл бастаманы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды. 2018 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Сириядан қазақстандықтардың алғашқы легі биылғы 6 қаңтарда елге жеткізілген болатын. 7-9 мамыр күндері аталмыш елден Қазақстанның тағы 231 азаматы оралды. Кешенді шаралар нәтижесінде қақтығыс аймағынан елімізге жалпы 357 бала қайтарылды. 28-31 мамырда «Жусан» арнайы гуманитарлық акциясының соңғы кезеңі өткізілген еді.
Қазақстан Ирактан 14 баланы қайтарып алмақ
09.10.2019
277
0





