Қазақстан Қытайға қандай өнімдерін экспорттайды

459

0

Қазақстан Қытайға қандай өнімдерін экспорттайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев пен ҚХР Бас кеден басқармасының төрағасы Ни Йефэн Қытайға рапс күнжарасын экспорттаудың фитосанитариялық талаптары туралы хаттамаға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 
«Қытайдың Шэньси провинциясы Сиань қаласында 2018 жылғы мамыр айының 10 мен 13 аралығында ШЫҰ-ға мүше елдердің арасында трансшекаралық эпизотиялық аурулармен күрес және мониторинг жүргізу бойынша конференция өтуде.
Конференция аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев пен Қытай Халық Республикасы Бас кеден басқармасының төрағасы Ни Йефэн Қытайға рапс күнжарасын экспорттаудың фитосанитариялық талаптары туралы хаттамаға қол қойды», – делінген министрлік таратқан мәліметте.
 Сондай-ақ ведомство ақпаратына сәйкес, қытайлық тарап Қазақстанның 5 облысы (ШҚО, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары) вакцинациялау арқылы аусылдан босатылған таза аймақ мәртебесін алғанын атап өткен. Соның нәтижесінде Қазақстаннан ветеринарлық сертификаттар бойынша Қытайға мал өнімдерін және тірі жануарларды жеткізу мүмкіндігі туды. Нодулярлы дерматитке қатысты шектеулер еліміздің барлық аумағынан алынды, бұл жақын арада ҚР-дан ҚХР-ге экспортталатын сиыр етіне қойылатын ветеринарлық талаптар туралы хаттамаға қол қоюға мүмкіндік береді.
 Экспорттаушы кәсіпорындар тізіміне енгізілетін қытайлық сарапшылардың арпа және жүгері өндіретін қазақстандық кәсіпорындарға тексеру жүргізуі жөнінде келісімдер жасалды. Жұмыс сапары барысында Өмірзақ Шөкеев Қытай Халық Республикасының партиялық және үкіметтік ұйым басшыларымен кездесті. Тараптар өзара сауда-саттықтың «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында оң көрсеткішке ие болғанын атап өтті. Қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын арттыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытайлық тарап арасында осы уақытқа дейін балық өнімдерін, асыл тұқымды жылқы, мұздатылған қой, бал, бидай, кебек, соя және сойылған жылқыларды тасымалдау бойынша хаттамаларға қол қойылған болатын.
Ағымдағы жылы қытайлық тараппен сиыр етіне, сойылған ұсақ малдар, бір өркешті түйелерге ветеринарлық талаптарды және арпа, жүгері, зығыр, бұршақ, сафлор және қауын тұқымдарына (асқабақ тұқымы, қарбыз, қауын) фитосанитариялық талаптарды келісу жоспарланған. Бұдан басқа, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан астықты жөнелтуге рұқсат алу жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Қазіргі уақытта Ақмола облысы, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарынан 67 астық қабылдау пункттерінен жөнелтуге рұқсат етілген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<