Алтын бұйымдар мен керамикалық заттарды шекаран заңсыз өткізбек болған адамдар ұсталды. Бұл туралы ҰҚК Шекара қызметі хабарлады.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі, «Оңтүстік» Өңірлік басқармасына қарасты «Шымкент авиа» тексеріп-өткізу пунктінде шекара наряды Түркиядан елімізге ірі көлемдегі алтын бұйымдарын кіргіскісі келген Өзбекстан азаматын ұстады.
«Стамбұл – Шымкент бағытындағы әуе рейсімен ұшып келген әйелдің өзін-өзі ұстауы шекарашыларға күдікті болып көрінді. Азаматшаның жеке заттарын тексеру барысында оның қол жүгінің арасынан алтын бұйымдар – 17 жүзік, 24 сырға және 5 дана кулон шықты. Ұсталу себебі – алып өтуге рұқсат етілген заттар мөлшерін асыру», – делінген ШҚ таратқан хабарламада.
Дәл осындай себеппен «Қазығұрт» тексеріп-өткізу пунктінің шекарашылары Өзбекстаннан біздің елімізге кірмекші болған үш Шевроле автокөлігін ұстады. Автокөліктердің жүргізушілері – Өзбекстан азаматтары. Үш автокөлікте де қымбат бағалы керамикалық ыдыс-аяқ тиелген. Жалпы саны – 2480 дана. Тәркіленген заттар актіленіп кедендік орындарға тапсырылды.





