Қазақстанда 65 жастан асқан адамдардың көшеде жүруіне шектеу енгізілді. Бұл туралы ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетованың Қаулысында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«65 жастан үлкен азаматтарға азық-түлік пен дәрі-дәрмекті жеткізуді қамтамасыз ете отырып, олардың қозғалысын шектеу қамтамасыз етілсін», – делінген Бас санитардың 2020 жылғы 26 наурыздағы №27 қаулысында.
Одан бөлек, Қаулыда:
– 6 сәуірден бастап барлық орта білім беру ұйымдарын қашықтықтан оқытуға ауыстыру;
– әуежайлардың, теміржол және автовокзалдардың ғимаратына шығарып салушы және күтіп алушы адамдардың кіруін шектеу;
– дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің және Қазақстан Республикасында аккредиттелген халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері COVID-19-ға зертханалық тексеруге және 14 тәулік бойы үйде оқшаулау қажеттігі туралы айтылған.
Еске сала кетсек, қазіргі уақытта коронавирус инфекциясымен Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 60 адам, Алматы қаласында – 48 адам, Қарағанды қаласында – 4, Жамбыл облысында -3 адам, Атырау облысы – 3 адам, Шымкент қаласында – 2 адам, Алматы облысында – 1 адам, Ақтөбе облысында – 1 адам, Солтүстік Қазақстан облысында – 1 адам, Ақмола облысында – 1 адам, Павлодар облысында – 1 адам, жалпы 125 науқас тіркелді.





