Қазіргі кезде 43 мамандық бойынша арнайы рейтинг әзірленіп жатыр. Соның негізінде қай университеттің оқу бағдарламасы тиімді, ал ең бастысы, оны бітіргеннен кейін жас мамандардың жұмысқа тұру деңгейі қандай екенін көруге болады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұловтың айтуынша, аталған рейтинг «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп дайындалуда.
«Бұған дейін біз IT-ді шығардық. Енді шілде айында 700 оқу бағдарламасының рейтингісі жарияланады. Оның ішіне 43 мамандық кіреді. Мәселен, журналистерді бірнеше жоғары оқу орны даярлайды. Біз олардың оқу бағдарламаларын тиімділігіне қарай орналастырамыз. Бір университетте заңгерлерді жақсы дайындайды, бірақ сол университетте экономика нашар оқытылуы мүмкін. Соның бәрі рейтингте көрініс табады. Соған қарап, универсиетті таңдауға болады. Әрине, университет түлектерінің жұмысқа тұру көрсеткіші ескеріледі. Тіпті, сол жұмыста алатын айлық жалақысы да ескеріледі», – деді Т.Ешенқұлов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Оның айтуынша, рейтинг дайын болғаннан кейін арнайы баспасөз мәслиxаты ұйымдастырылады. Сол жерде министрлік оқу бағдарламалары рейтингісін ресми түрде таныстырады. «Негізі, ол рейтинг мектеп түлектеріне ғана емес, жұмыс берушіге де қажет. Мысалы, оған жақсы бір заңгер немесе инженер керек дейікші. Ол рейтингке қарап, көрсеткіші жоғары университет түлектерін таңдай алады», – деп атап көрсетті Т.Ешенқұлов.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<