Қазақстанда коронавирустың диагностикасы қалай жасалады

167

0

ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жаңа коронавирустың зертханалық диагностикасы қалай анықталатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«nCoV-2019 жаңа коронавирусының зертханалық диагностикасы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының орталық референс зертханасында (ОРЗ) ДДСҰ мен АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының әдістемесіне сәйкес Ұлттық биотехнологиялар орталығымен бірлесіп Real-Time RT-PCR әдісімен жүргізіледі. Тыныс алу жолдарынан, қақырық, жөтел кезінде бронхтан бөлінетін зат, сондай-ақ қан сарысуы анализге алынады. Сарапшылар пациенттен алынған сынаманы зертханалық тестілеуден өткізіп, коронавирустың РНК тексереді, бұл короновирустық инфекцияны анықтауға мүмкіндік береді» деп жазды министрі Facebook-тегі парақшасында.

Министрдің мәліметіне сай, барлық процедуралар CDC/ДДСҰ хаттамасына сәйкес диагностикалық жүйе бойынша орындалады. Тұмау маусымын ескере отырып, коронавирустың симптомдары байқалған жағдайда, аурудың алдын алу үшін барлық пациенттер тұмауға, ЖРВИ және басқа да коронавирус түрлеріне қарсы қосымша тексеруден өтеді.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрі сынамаларды тексеру тәртібін де келтірді.

«Науқастардың теріс және оң сынамалары Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау Ұлттық орталығының вирустық инфекцияларды бақылау жөніндегі ДДСҰ аккредиттелген зертханасының базасында қайта тексеруден өтеді. Диагностиканың соңғы сатысы ретінде сынама ДДСҰ ынтымақтасқан зертханасына қайта жіберіледі. Коронавирусқа тапсырылған анализ диагностикадан өткенше пациентті медицина қызметкерлері тәулік бойы бақылауда ұстайды және олар медициналық мекемелердің оқшауланған бокстарында болады», – дейді ол.

Оның айтуынша, қазір ОРЗ базасында коронавирусқа қарсы 100 сынама зерттелген, нәтижесінде вирус жұқтырған адам анықталған жоқ.