2018 жылдың алты айында Қазақстанда 214,3 млрд теңгеге 25 989 жаңа жеңіл автокөлік сатып алынды. Бұл туралы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жеңіл автокөліктің орташа құны 8 179 150 теңгені құрады және өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, 3,3 пайызға өсті», – деп атап өтілген хабарламада. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша сатып алушылардың үштен бірінен астамы 5 млн теңгеден қымбат емес көліктерді таңдады. Сонымен, нарықтың 19,7 пайызы немесе автокөліктердің 5,1 мыңы 3,5-5 млн теңге аралығында саудаланғаны байқалды. Бұдан бөлек, 3,5 млн теңгеге дейінгі бюджеттік сегменттегі көліктердің сатылымы елеулі (19,1%) болды, яғни жарты жылда 4 964 автомобиль өткізілді. Мұнымен қоса, 5-7 млн теңге аралығында бағаланған техниканың 20,6 пайызы (5 344 көлік) сатылды. Сатып алушылардың 15,6 пайыздан астамы құны 7-10 млн теңге тұратын көліктерді (4 066 автокөлік) таңдады. Бизнес (10-15 млн теңге) пен премиум санаттағы (15 млн теңгеден жоғары) сегменттер сәйкесінше 14,5 пайыз және 10,5 пайызға жетті. Жарты жылдың қорытындысы бойынша қолжетімдігі жоғары модельдердің рейтингінде отандық автокөліктер өтімді болды. Баға жағынан 2,59 млн теңгеден басталатын Lada Granta қолжетімдірек болды. Ең қолжетімді автомобильдердің ТОР-10 қатарына Ravon Nexia (2,75 млн теңге), Ravon R2 (2,78 млн теңге), Lada Kalina (2,93 млн), Lada 4×4 (3,1 млн), Ravon R4 (3,25 млн), Renault Logan (3,55 млн), Lada 4×4 Pickup (3,65 млн), Ravon Gentra (3,73 млн) және Chevrolet Niva (3,99 млн) енді. Ең қымбат модельдер рейтингінде Porsche 911 Turbo (66,9 млн теңге), Porsche Panamera (54,6 млн теңге) мен Lexus LC (45,6 млн теңге) көш бастады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<