Кеше Үндістанның Нью-Дели қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы күрес түрлерінен Азия чемпионатын қазақстандық балуандар сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Күрес түрлері федерациясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, «Сарықұрлық» додасының алғашқы күні бозкілемге шыққан грек-рим күресінің балуандары бес салмақта жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады. Жас балуандарымыз бұл сында ел қоржынына төрт қола медаль салды. 55 келі салмақта күрескен Арслан Абдурахманов жартылай финалда үнді балуанынан 10:15 есебімен жеңіліп қалды. Есесіне, қола медаль үшін болған айқаста жапон балуанынан басым түсті. Тартысты өткен белдесу 8:7 есебімен Арсланның пайдасына шешілді. 63 келідегі Тілек Әсембаев ширек финалда ирандық балуаннан ұтылғанымен, қола медаль үшін болған белдесуде түркіменстандық балуаннан 6:1 есебімен айласын асырды. 87 келідегі Санжар Темірбек пен 130 келідегі Антон Савенко да Азия чемпионатының қола медаліне ие болды. Санжар алғашқы айналымда 9:0 есебімен өзбек балуанын жеңді. Ал жартылай финалда қытай балуанынан 2:4 есебімен ұтылды. Қола медаль үшін болған шешуші белдесуде қырғыз балуанына еш мүмкіндік қалдырған жоқ – 9:0. Аса ауыр салмақтағы Антон Савенко бірінші белдесуінде 1:2 есебімен Иран балуанына ұтылды. Бірақ, қола медаль үшін күресте Қытай балуанын 8:0 есебімен жеңді. Жарыстың бірінші күні сарапқа салынған бес салмақтың бас жүлдесіне Иран мен Үндістан балуандары ие болды. Иранның жас балуандары 4 салмақта (55, 63, 87, 130) топ жарса, Үндістанға 77 келі салмақтың бас жүлдесі бұйырды. Өкінішке қарай, бұл салмақта күрескен Даулет Жалғасов жүлдесіз қалды. Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін аталған додада күрестің үш түрінен 30 балуан ел намысын қорғайтыны туралы айтқан болатынбыз.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<