ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті қазақстандықтардың өз уақытын қайда жұмсайтындарын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтар тәуліктің 53,6% немесе 12 сағат 50 минутын жеке күтімге жұмсайды (ұйқы – 9 сағат 13 минут, тамақ жеу, сусын ішу – 2 сағат 4 минут, жеке гигиена мен күтім – 1 сағат 27 минут және т.б.). Жұмысқа (жұмыспен қамтуға) – 2 сағат 59 минут (12,4%), үй шаруашылығын жүргізуге – 2 сағат 57 минут (12,3%), оқып-үйренуге – 52 минут (3,5%), тұтыну тауарларын алуға – 18 минут (1,2%) және қалған 4 сағат 4 минут (17,0%) бос уақыт ретінде саналады», – делінген хабарламада.
15 және одан жоғары жастағы ер адамдар бір күнде орта есеппен жұмысқа 5 сағат 29 минут уақытын жұмсайды, әйелдер үшін бұл көрсеткіш 4 сағат 34 минутты құрайды. Алайда әйелдер үй шаруашылығымен айналысуға (4 сағат 14 минут) ер адамдарға қарағанда (1 сағат 28 минут) көбірек уақыт жұмсайды.
Ерлердің бос уақыты (4 сағат 6 минут) әйелдерге қарағанда (2 сағат 45 минут) шамамен 2 есеге артық.
Жұмыс күні жұмыспен қамтылған ерлер жұмысқа орта есеппен 9 сағат 1 минут жұмсайды, әйелдер – 7 сағат 53 минут, тиісінше бос уақытқа 2 сағат 35 минут және 1 сағат 44 минут қалады.
Айта кетейік, 2018 жылдың 2-10 сәуірі аралығында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті «Қазақстан Республикасы халқының уақыт бюджетін пайдалануы» модульдік зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл зерттеу 5 жыл сайын ұйымдастырылады. Зерттеу жұмыстарына 10 жастан жоғары 32 301 респондент қатысқан.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<