Қазгидромет: 30 желтоқсан күні еліміздің басым бөлігінде қар жауады

259

0

Желтоқсанның 30-ы күні Қазақстан аумағына Қара теңіз аймақтарынан жылжыған циклон әсер етеді. Соның салдарынан республиканың басым бөлігінде қар жауады, оңтүстікте жауын-шашын болады. Бұл туралы ҚазАқпарат «Қазгидромет» РМК-на сілтеме жасап хабарлайды.
Кәсіпорын тартқан мәліметтерге қарағанда, тек еліміздің батысында ғана күн жауын-шашынсыз болады.
Кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болып, жел күшейеді, бұрқасын болуы да ықтимал.
Шығыс Қазақстан облысының бірқатар аумақтарында тұман түсіп, бұрқасын, жолда көктайғақ болады. Жел 15-20 м/с-қа күшейеді, түнде Жармин ауданында екпіні 25 м/с жел соғады.
Ақмола облысының кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ, бұрқасын болады. Түнде және таңертең желдің екпіні 15-20 м/с-қа күшейеді.
Алматы, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Актөбе облыстарының кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ болады.
Алматы облысының Алакөл ауданында жел 17-22 м/с жылдамдықпен ұйтқиды.
Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарының кей жерлерінде тұман түсіп, бұрқасын болады.
Солтүстік Қазақстан облысында күндіз жел 15-20 м/с-қа күшейеді.
Қарағанды, Жамбыл облыстарының кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ, жаяу бұрқасын болады.
Жамбыл облысында түнде желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа жетеді.
Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарының кей жерлерінде тұман түседі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<