Азық-түлік бағасы бақылауда

952

0

Азық-түліктің бағасын бақылауда ұстау үшін тұрақтандыру қорынан 10 мың тоннадан астам өнім алынған. Бүгінде тұрақтандыру қорында 759,9 тонна азық-түлік қоры бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, қант бағасының шарықтау себебі – қант өндіруші өңірлердің қойған бағасына тәуелді болғандықтан өсуде деп түсіндірді. Қазіргі уақытта ірі сауда орталықтарында қанттың бағасы – 491 теңгеден, әлеуметтік дүкендерде – 370 теңгеден сатылуда.

– Соңғы бір аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының өсу индексі – 100,4 пайызды құрады. Соның ішінде қант өнімінің тапшылығы мен бағасына байланысты мәселелер туындауда. «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК арқылы тұрақтандыру қорына 272 тонна қант сатып алынып, 38 әлеуметтік дүкен мен 14 әлеуметтік бұрыштарға төменгі бағада сатылуда. Қазіргі таңда облыс бойынша 247 тонна қант бар. Сондай-ақ, 3 вагон яғни, 204 тонна қант жеткізілді. Одан бөлек, еліміздегі қант зауыттарынан 680 тонна шекер сатып алу бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді Талғат Дүйсебаев.

– Жалпы әлеуметтік дүкендерде азық-түлікке байланысты тапшылық жоқ. Біз күнделікті әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасына мониторинг жүргізіп отырамыз. Мәселен, нан – 55 теңгеден, қант – 370 теңгеден, өсімдік майы – 630 теңгеден, картоп – 130 теңгеден, күріш – 175 теңгеден сатылуда. Бұл нарық бағасынан бірнеше есеге арзан. Тұрғындар тарапынан келеңсіздік болдырмау үшін әрбір өнім шекті түрде беріледі, – деді «Байқоңыр» ӘКК АҚ басқарма төрағасы Нұржан Ахатов.

Қаладағы ірі сауда орталықтарындағы азық-түліктің бағасына байланысты 4 арыз-шағым түскен. Дегенмен, сауда нысандарындағы өнімдердің бағасына 5,6 % – 11,7 %-ға дейін үстемақы есептелгендіктен заң бұзушылық анықталмады.

– Қазіргі таңда басекелестікті қорғау және дамыту департаментімен азық-түлік тауарларын сатудың барлық делдалдық схемасы бойынша тексеріс жүргізілуде. Талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша анықталған заңбұзушылықтарға тиісті әкімшілік шаралар қабылданады. Сонымен қатар шағын және орта санаттағы сауда нысандарында азық-түліктің бағасына байланысты 7 арыз келіп түсті. Бұл бойынша тиісті шаралар қабылданды, – деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының орынбасары Ринат Сұлтангереев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<