Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте азық-түлік ысырабына жол берген корпорацияның жұмысына тиісті баға берілді.
Еске салсақ, 26 мамыр күні әлеуметтік желіде қоқыс полигонына төгілген жарамсыз көкөніс қалдықтары туралы бейнежазба тарады. «Байқоңыр әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы қалдықтар 25 мамыр күні жойылғанын растаған болатын. Мұны «азық-түлік сақталғанда өз салмағын жоғалтады, ол табиғи өзін-өзі жоғалту деп есептеледі» деп түсіндірді.
Аймақ басшысы бұл корпорация басшысының қателігі екенін, ысыраптың алдын алуға болатынын айтты.
«Самат Нұрахметұлы, шынында, бұл әрекет тұрғындардың ашу-ызасын туғызды. Мәселенің бұрыннан бар екенін біле тұра, мамандарыңызбен бірге қоймадағы өнімдерді басқа мақсатқа пайдалану жолдарын қарастыру керек еді. Бұл жұмыс та жасалмаған. 126 тонна өнім жарамсыз болғанша шірігенін күтіп, оны пайдаға асырудың балама жолдарын іздемегенсіздер. Бұл сіздің басшы ретінде жұмысты тиісті деңгейде үйлестіре алмағандығыңызды көрсетеді. Елге жанашырлық таныта алмайтын адамдарға біздің арамызда орын жоқ», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Осы жағдайдан кейін «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Самат Ерниязов қызметінен босатылып, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевқа қатаң сөгіс жарияланды.
«Биылғы жылы көкөніс алдыңғы жылға қарағанда 3 есе артық сатып алынғанымен (1547,1 тонн), жою көрсеткіші 3 есе аз, яғни 9,2%-ды құрап отыр. Ол алынған өнімнің сапасын қадаланғанның талапқа сәйкес сақталғанының нәтижесі», – деді Талғат Дүйсебаев.
Аталған оқиға бойынша арнайы комиссия құрылып, мән-жайы мұқият тексерілмек. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбас үшін тиісті ұсыныстар әзірленуі керек.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес азық-түлік тауарларының тізбесіне әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауар енгізілген. 2023 жылғы күзгі өнімнен 3 453,3 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін алдын ала ақы төлеу шартымен форвардтық сатып алу көлемі белгіленіп, тұрақтандыру қорын толықтыруға 901,6 млн. теңге бағытталды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<