Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» естелік кітабы – қазақ халқына қажет тәрбиелік мәні зор туынды, әр шаңырақтың төрінде тұруға лайықты шығарма. Смартфонға байланған бүгінгі буынға нағыз керек кітап.
Байыптап қарасақ, ұлтын шексіз сүйген даңқты батыр Б.Момышұлы секілді ел үлгі-өнеге тұтқан терең білімді тұлғалар сирек. Ал, салт-дәстүрдің жолын білетін үлкендер азайып барады. Осылайша, біз ата мен әженің немересіне беретін тәрбиесінен – қазақ ұлтының алтын қазығынан ажырап барамыз. Ал «Бабалар аманаты» осы олқылықтың орнын толтыра алады.
Байқасаңыз, баланы балабақша да, мектеп те тәрбиелейді. Онан соң ата-анасы перзентін жоғарғы мектептер – институт, университетте оқытады. Бұдан басқа қаншама мекеме, ұйымдар осы тәрбие мәселесімен айналысады. Соның өзінде салт жөнін білетін, дәстүрімізді дәріптейтін жастар көп емес. Жасөспірімдер арасында қылмыс көбеймесе азайар емес. Неге? Бұл ұлттық тәрбиенің алғашқы бастауынан ажырап қалғанымыздан секілді. Осы ұлттық тәрбиенің бастауы – ата мен әже. Төрдегі қарттарымыз айтқан ертегі-аңыздарын тыңдап, адами құндылықтарды насихаттайтын кітаптарды оқып өскен зерек баланың кейін өскенде айтулы азамат болып шығатыны даусыз. Өйткені, қазақ халқының тұрыс-салты, дәстүр-жоралғысы, тіпті ырым мен нанымы, ғажайып жырлары мен ертегілері осы ауыз әдебиеті үлгілері арқылы беріледі. Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз: «Тәрбиесіз берілген білім білім емес» дегенді бекерге айтпаған.
Батыр атамыздың отбасында айтылған сыр мен шертілген ғибартты әңгіменің алғашқы бөлігін Зейнеп Ахметова оқырманға осыдан 32 жыл бұрын ұсынған болатын. Ал 1987 жылы шыққан «Шуақты күндерді» оқушы кезімде сатып алғанмын. Сонан бері «Шуақты күндер» менің үстелімнің үстінде тұратын, жиі қолыма алатын сырласыма айналды. Әр оқыған сайын өзіме өмірдің жаңа парақтарын ашқандай боламын.
Автор Бауыржан ата туралы көзімен көргенін, яғни күнделікті тұрмыстағы қарапайым оқиғаларды жазған. З.Ахметова бұл кітапты ұзақ жылдар бойы жүргізген күнделігінің негізінде жазып шыққан. Ал 2012 жылы «Бабалар аманаты» жарыққа шығарды. Дереу тауып, оқып шықтым. Аталған кітап та тұнып тұрған тарих, педагогикалық-психологиялық ілім, ұлағатты сөздерге бай шығарма. «Бабалар аманатында» кезінде «Шуақты күндерде» айтылмаған әңгімелер жарияланыпты.
Кітап Батыр атамыздың баяндауында берілген. Автордың шеберлігі – осыдан 30-40 жыл бұрынғы оқиғаларды күні кеше ғана өткендей көз алдыңызға келтіреді, оқиғаны шешен тілмен баяндайды. Аталған кітаптар жас буынға ғана емес, еңбектеген бүлдіршіннен еңкейген қартқа арналған тағылымды шығармалар. Қос кітапты парақтаған кез-келген жастағы жан өзіне керектісін алады, көкейде жүрген сауалдарына жауап табады дер едім.
Атаның айтқан өсиеттері бүгінгі жас ұрпаққа өлшеусіз ғибарт. Енді оны есте сақатап қана қоймай күнделікті өмірде, қазіргі қоғамда кәдеге асыруымыз керек. Мысалы, батыр ата немересі Ержанға 4 жасынан-ақ өздігінен киінуді үйретіпті. Бұл ұрпағым жалқау болмасын дегені. «Ата осы әдетін күніге қайталады. Жалыққан емес. Қазір қарап отырсам, атаның сол әрекеті баланы ұқыптылыққа тәрбиелеген екен. Бүгінде біздің үйде ең ұқыпты адам – Ержан. Атаның: «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзінің дәлелі осы болса керек», – дейді кітап авторы.
Тағы да үзіндіге кезек берейік: «Бұрын қазақта қазіргідей үлкен-кіші, еркек-әйел жаппай сүйісіп амандаспайтын. Әсіресе, батпандай ер-азаматтардың кездескен жерде сүйісіп амандасуы – қазақ қауымында бұрын атымен жоқ еді. Бұл Хрущевтің билік құрған кезінен кең етек алып, жайылып кетті. Ерлер қолдасып амандасушы еді. Сағынысып көріскенде құшақ айқастырып қауышатын. Міне, осыларды «еркекше сәлемдесу» дейді. Ал әйелдер өзара құшақтасып, сүйісіп амандаса беретін. Қариялар өзінің баласындай, немересіндей жастарды жақсы көріп еміренгенде құшағына қысып, арқасынан қағатын. Бұрын қазақтар ер баланы еркелеткенде басынан сипамаған. Арқасынан қаққан. «Басына сипау ұл баланы аяп, мүсіркеу сезімдерін туғызады, төмен қарап жүретін жасық болып қалады» деп түсінген. Ата-ана, ел-жұртына қорған болатын, шаңыраққа ие болатын ұлдың көзін жерден алмайтын жігерсіз, есіркеуді тілеп тұратын ынжық болғанын қаламаған. Ал арқасынан қаққанда ер бала батылданады, жігерленеді, еңсесін тік ұстап, тура қарауға дағдыланады. Неге болса да тайсалмай қарайтын қайратты, батыл болып ержетсін деп ұлды арқадан қағыпты. Ал қыздарды керісінше басынан сипаған. Қыз – жатжұрттық, қыздың бағы – үйде емес, түзде. Қыз басқа босағаны аттап, өзге үйдің отын жағады, ұрпағын өсіреді. Қызды «кететін бала ғой» деп еркелетеді. «Алдында не күтіп тұр екен, тағдыр-талайы қалай болады» деп басынан сипап аялаған. Қыз баланы басынан сипағанда басы еріксіз еңіс тартады, көз жанары төмен түсіп, жасырынады. Кісі бетіне бажырайып қарамайтын әдетке үйреніп, қызға лайық биязы мінез қалыптасады». Қанадай ғажап ырым десеңізші…
Арқадан қағу мен бастан сипаудың осындай талғамды астары, тәрбиелік мәні бар екенін бағамдай білмейді екенбіз. Бұған қоса, кітапта сәлемдесудің маңызы туралы да айтылған. Төрткүл әлемдегі барлық мұсылман халықтар «ассалаумағалайкүм» деп амандасатыны, өйткені бұлайша сәлемдесу – ислам дінімен бірге келгенін жастарымыздың білгені дұрыс. Сәлем тарихына тоқталсақ, жұртымыз бағзыдан сәлемді сөздің анасына балайды. Ертеде баланың болашағын берген сәлеміне қарап бағалайтын болған. Айта кетейік, осы кезге дейін сәлем мен бата қатар өмір сүріп келеді. «Қарғыс алма, алғыс ал!» дейді. Алғыс керек болса, сәлемің түзу болсын. Өйткені, таныстық та, татулық та осы сәлемнен, жылы шыраймен амандасудан басталады. Сәлем берсең, өкпелесіп жүрген адамның өзі де жүзін жылыта қарайды. Сәлем берудің жазылмаған шарттары да жетерлік. Сәлемді әрқашан да жасы кішілер береді. Жұртымызда жасы үлкеннің өзінен кішге сәлем беруі әбестік болып есептелген. Бұған қоса қазақта «Берген сәлемді алмасаң, ырысың кетеді» деген ырым-наным да бар.
Мұны менің сүйікті әжем Қаламқызы Рәзия кішкентейымда құлағыма құйған. Кітапта батыр ата өзінің ұлы Бақытжанға сәлем туралы айта келіп, ойын былайша қорытқан: «Ал енді туған халқыңды білмей, оның жанын ұғынбай тұрып, басқанікін келістірем деп еліктеу де кісілік емес. Ол намыссыздыққа жетелейді. Намыссыздық – жаман дерт. Оның өсер ұрпаққа, халықтың келешегіне кесірін тигізетінін ешқашан ұмытпау керек. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», әр халық, әр ұлт өзіне-өзі ұқсағаны жақсы».
Ал, тектіліктің үлгісі болған Батыр атамыздың: «Қай ұлттың болсын ана тілі, ата дәстүрі, салт-санасы – сол халықтың өзіндік қадір-қасиетін, жан дүниесін, тұрмыс-тіршілігін көрсететін төл белгілері. Олар – бүкіл бір халықтың ғасырлар бойы мысқалдап жинаған рухани қазынасы, ұрпаққа қалдырған ардақ-мұрасы. Онсыз бүтін ұлт болып қалу мүмкін емес. Ана тілі, ата дәстүр өзінен-өзі жалғаспайды немесе біреу сырттан келіп сен үшін көсегеңді көгертіп сақтап та бермейді. Халықтың өз бет-бейнесінен айырылуы не сақтап қалуы – әрбір ұрпақ өкілінің өзінен кейінгі ізбасарларына бабалар аманатын қай сапада жеткізуіне байланысты» дегені бүгінгі буын үшін керемет кеңес емес пе?
Мұнан біз бабалар аманатына адал болу қажеттігін ұғамыз. «Мен білгенімді саған айтам, сен өзіңнің балаңа айтасың, үйретесің. Кейін балаң өз баласына айтса, сөйтіп, бір шаңырақта бабалар аманаты жалғасады. Күнделікті тілімізде «Елге еңбек сіңіріп, халыққа қызмет ету» деген сөз әр деңгейде жиі айтылады. Мұның шынайы мәнін көбі ұға бермейді. Елге еңбек сіңіріп, халқыңа, ұлтыңа қызмет ету деген – ең алдымен, ана тіліңді, ата дәстүріңді отыңның басында сақтап, ұрпағыңның бойына сіңіру деген сөз. Осыны ұмытпаған адам өз халқының алдында жеген нанын, татқан тұзын ақтайды. Балаларым ретінде сендерге де мұны аманат, өсиет етемін,» – деген сөзі халқының болашағын ойлаған дана адамның жүрегін жарып шыққан жанашыр лебіз, биік тұжырым деп есептеймін.
Кез келген ата-ананың ең үлкен арманы – ұрпағым білімді, озық ойлы болса, тіпті өзімнен асып туса екен деген ізгі арман. Балалы-шағалы болған әр азамат осы арманға бой алдыратыны рас. «Ұлымыз қайтсе зерек, қызымыз қайтсе ибалы болады?» деген ой мазаламайтын ата-ана болмайтын шығар? Менің ойымша, мына, жаңа дәуір – ХХІ ғасыр туғызған технология кереметтері бала бойындағы зеректік пен иба-әдеп сезімдерін күшейтуге айтарлықтай үлес қоса алмайтын сияқты. Статистикалық деректерге сенсек, әлем бойынша технология жетістігін дұрыс пайдалана алмағанның кесірінен сөйлеу мәнерін, қарым-қабілетін, алғырлығын, дарыны мен зеректігін жоғалтып алған балалар көбейіп барады. Осы өзекті мәселені барынша азайту, алдын алу үшін ұттың ұлы тұлғаларының ғибартты өмірін, ұлттық рухтағы қаламгерлердің тағылымдық-тәрбиелiк мәнi мол кітаптарын әр қазақ оқуы тиіс.
Кітап дәстүрлі ұлттық тәрбиенің маңыздылығы қарапайым тілмен жеткізуімен құнды. Автор Батыр атаның айтқан әңгімелерін шынай күйде мөлдіретіп баяндайды. Біздің азат еліміздің жас ұландары ұлттық салт-дәстүрді бізге жеткізетін осындай кітаптардың арқасында ғана қазақы болмысты сақтап, ақыл қуатының сарқылмас қорына қол жеткізе алады деп ойлаймын.
XX шы ғасырдың басына дейін халқымыздың ауыз әдебиеті өте жақсы дамыдын. Аңыз-әңгіме, эпос, жыр-дастан, салт-дәстүр, ән мен күй, шешендік сөздер, тыйым, ырым-наным, ертегілер, қысқасы барша рухани байлық атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа ауызша беріліп отырды. Біздің кезеңде осы алтын тін үзіліп қалды. Көк жәшікке үңіліп, әлеуметтік желіге байланып отыратын балаларымыз осында дүниелерді оқыса, аманатқа адал болар еді. Кейінгі бүлдіршіндер ата бабамыздан ұрпаққа берілген ұлттық тәрбиеге қанығып өссе екен деп тілеймін.
Сәуле ЖОЛШОРАЕВА,
№211 А. Байтұрсынов атындағы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Қызылорда қаласы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<