«Бәйтерек» холдингі 2030 жылға дейін өнеркәсіп саласындағы жобаларды 120 млрд доллар сомасына дейін қаржыландырмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.
– 2026 жылы «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингін 1 трлн теңгеге дейін капиталдандыру көзделген. Қорландыруды ескере отырып, экономиканың нақты секторы шамамен 8 трлн теңге көлемінде қолдау шараларымен қамтылады. Осылайша, «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары 2030 жылға дейінгі кезеңде өнеркәсіп саласындағы перспективалы әрі несиеге қабілетті жобаларды шамамен 100–120 млрд АҚШ доллары сомасында қаржыландыруды қамтамасыз ете отырып, жоғары белсенділік танытатын болады, – деді вице-премьер.
Оның айтуынша, экономикалық өсімнің проактивті саясаты Мемлекет басшысы қойған стратегиялық міндеттердің орындалуын қамтамасыз ете отырып, Қазақстан экономикасын индустрияландыру мен әртараптандырудың негізгі құралына айналады.
– Қазіргі уақытта салалық мемлекеттік органдар жетекшілік ететін сегменттерді дамытудың стратегиялық жоспарларын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жоспарлар алдағы 5 жыл ішінде сегменттердің жалпы қосылған құнын барынша арттыруға мүмкіндік беретін үздік жобалардың тізбесін қамтиды. Іріктелген жобалар кейіннен салаларды дамыту стратегияларының негізіне айналады. Аталған стратегиялар нақты өнімдер мен жобаларды, инвестициялар көлемін, жылдар бойынша өндіріс көлемін және өзге де маңызды ақпаратты қамтиды, – деді Серік Жұманғарин.






