Ғарышкерлер күні қарсаңында Kazinform агенттігінің тілшісі қазақстандық ұшқыш-ғарышкер Айдын Айымбетовпен сұхбаттасты.
Қазақстанның ұшқыш-ғарышкері, Халық қаһарманы, «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнының бас директоры Айдын Айымбетов үшін 2026 жылдың сәуірі айрықша кезең. Алда Байқоңырдағы «Бәйтерек» старт кешенінен жаңа «Сұңқар» («Союз-5») зымыранын ұшыру міндеті тұр. Соңғы бірнеше айда «Қазкосмос» пен «Бәйтерек» кәсіпорнының мамандары Байқоңырда тәулік бойы жұмыс істеп, ұшырылымға дайындықты күшейтті.
– Айдын Ақанұлы, биылғы мерекені қалай өткізесіз?
– 12 сәуір – ауқымы жағынан ерекше күн. Бұл тек ғарышкерлердің ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ мереке. Өйткені дәл осы күні ғарыш дәуірі басталып, адамзат ғарышты игеруге қадам жасады. Сәуір айы біз үшін әдетте өте қарбалас өтеді: сұхбаттар, кездесулер, түрлі іс-шаралар. Жақында ғана Байқоңыр мен Алматыдан оралдым, онда оқушылармен және студенттермен кездестім. Қазір үйге бір-екі күнге ғана келдім, кез келген уақытта қайтадан Байқоңырға жол жүруім мүмкін. Себебі алдағы ұшырылымға дайындық жұмыстары жалғасып жатыр.
12 сәуірді мен қорытынды жасайтын күн деп есептеймін. Бір жылды саралап, қандай мақсаттарға жеткенімді, алда нені жоспарлау керектігін ой елегінен өткіземін. Сондай-ақ осы күні міндетті түрде ғарыш туралы деректі немесе көркем фильм көруге тырысамын. Кешке балаларыммен бірге аспанға қарап, жұлдыздарды бақылаймыз. Ол үшін арнайы телескопым бар.
– Ғарышқа ұшқаннан кейін дүниетанымыңыз қалай өзгерді?
– Мұны «ғарыштық көзқарас» деп атауға болады. Мұндай сезімді тек мен ғана емес, көптеген ғарышкерлер бастан өткерген. Бұл туралы Юрий Гагарин де айтқан, бірақ оны сөзбен толық жеткізу қиын. Ғарыштан Жерге қарағанда оның қаншалықты кішкентай, нәзік әрі тұтас екенін терең сезінесің. Ол жерде мемлекеттердің шекарасы жоқ – тек бір ғана көгілдір планета, барша адамзатқа ортақ үй бар. Ал Жерді ғарыштың қараңғылығы аясында көргенде, оны қоршап тұрған жұқа қабатты байқайсың. Бұл – біздің атмосферамыз, ол жер бетіндегі бүкіл тіршілікті қорғайды. Осы сәтте табиғатты сақтаудың маңызы ерекше сезіледі.
Ғарышта ұлтқа, нәсілге бөліну деген ұғым жойылады, адам өзін біртұтас әлемнің бөлшегі ретінде сезінеді. Мұндай тәжірибеден кейін өмірлік құндылықтар да өзгереді: материалдық дүниеден гөрі уақыт пен адамдар арасындағы қарым-қатынас маңыздырақ бола түседі. Ғаламның шексіз кеңдігі адамды әрі таңдандырады, әрі ойландырады. Ғылымға, болашаққа деген қызығушылық артады. Ал ғарышта басқа тіршілік бар ма деген сұраққа келсек, біз жалғыз емеспіз деген ойға еріксіз келесің. Ғарыш адамның ой-өрісін кеңейтіп, жеке мәселелерден жоғары тұрып, әлемге кеңірек қарауға үйретеді.
– Ғарыш саласының болашағы туралы не ойлайсыз?
– Ғарыш саласының дамуы – адамзаттың жұлдыздар туралы арманын біртіндеп шындыққа айналдыру жолы. Өткенге көз жүгіртсек, бұл – зымырандық жарыс, ғарышқа алғаш ұшқан Юрий Гагарин, Айға қонған америкалықтар, «Аполлон» бағдарламасы, Нил Армстронгтың әйгілі сөзі, сондай-ақ Халықаралық ғарыш станциясының құрылуы сияқты тарихи кезеңдермен байланысты.
Қазіргі таңда ғарыш саласы жаңа кезеңге өтті. Қытайдың өз орбиталық станциясы бар, ал алдағы уақытта тағы бірнеше станция салу жоспарланып отыр. Бұған қоса, жеке компаниялардың рөлі артып келеді. Бүгінде ғарыш тек мемлекеттердің ғана емес, жеке сектордың да назарында. SpaceX, Blue Origin сияқты компаниялар ұшуды қолжетімді етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Сонымен қатар Ай мен Марсты зерттеу жұмыстары күшейіп, адамзаттың ғарыш кеңістігін игеру ауқымы кеңейіп келеді.

Жалпы алғанда, ғарыш бұрынғыдан әлдеқайда жақындай түсті. Бұл ғылымның дамуына серпін беріп қана қоймай, спутниктік технологиялардың кеңінен қолданылуына ықпал етуде. Бүгінде интернет, байланыс, навигация сияқты қызметтердің барлығы осы саламен тығыз байланысты. Сонымен қатар адамзат Жерден тыс өмір мен өзінің келешегі туралы тереңірек ойлай бастады.
Қазақстанның ғарыш саласындағы орнына келсек, негізгі жобалардың бірі – «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені. Бұл – Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы. Оның басты мақсаты – Байқоңырда экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі заманауи ұшыру жүйесін қалыптастыру. Бұл кешен еліміз үшін бірнеше бағытта маңызды. Біріншіден, отандық ғарыш саласын дамытуға мүмкіндік береді. Екіншіден, Қазақстанның халықаралық ғарыш жобаларына қатысуын кеңейтеді. Үшіншіден, жаңа жұмыс орындары ашылып, заманауи технологиялар игеріледі. Жалпы, «Бәйтерек» жобасы – Қазақстанның Байқоңырдағы рөлін нығайтып, елдің жаһандық ғарыш индустриясына белсенді қатысуына жол ашатын маңызды қадам.
– «Бәйтерек» ғарыш жобасы Сіз үшін қандай мәнге ие?
– Мен Қазақстан мен Ресейдің бірлескен «Бәйтерек» кәсіпорнын екі жылға жуық уақыттан бері басқарып келемін. Бұған дейін «Қазақстан Ғарыш сапары» ұлттық компаниясын басқардым. Онда жұмыс жүйелі жолға қойылып, ғарыштық мониторинг тиімді жүргізілді, ғарыш аппараттарын құрастыру және сынау кешені іске қосылды, білікті мамандардан құралған кәсіби ұжым қалыптасты. Кейін басшылық мені «Бәйтерек» жобасына қолдау көрсетуге шақырды. Осы ұсынысқа байланысты ұстазым Талғат Мұсабаевпен ақылдастым. Алғашында ол жобаның күрделі екенін айтып, бұрынғы қызметімді жалғастыруға кеңес берді. Алайда кейін шешімімді нақтылап, батасын сұрадым. Ол батасын берді. Сол сәттен бастап бұл жоба мен үшін үлкен сын әрі жауапкершілікке айналды. «Бәйтеректі» іске қосу – мен үшін абырой ісі. Бұл – өзіме жүктеген міндет әрі берген уәде. Шынын айтсам, бүгінде Талғат Амангелдіұлының орны ерекше сезіледі. Әсіресе осындай жауапты кезеңде оның тәжірибесі мен салмақты шешімдері жетіспейді. Соған қарамастан, берген уәдені орындау – менің парызым.
Екі жылдың ішінде айтарлықтай жұмыс атқарылды. Бүгінде «Союз-5» зымыраны «Сұңқар» атауымен «Бәйтерек» старт кешенінде тұр. Қазір ғарыш кешенінде барлық жүйе ұшырылым алдындағы сынақтан өтіп жатыр.Бұл – жаңа зымыран мен жаңа жерүсті кешені. Сондықтан әрбір кезең мұқият әрі дәл пысықталуы тиіс. Бұған дейін журналистерге хабарланғандай, сынақтық ұшырылымға әзірге ешкім шақырылмайды. Себебі сынақтардың нақты қашан аяқталатыны белгісіз.
– Ғарыш туризмінің болашағы бар деп ойлайсыз ба?
– Ғарыш туризмі бүгінде қиял емес, қарқынды дамып келе жатқан сала. Оның болашағы зор. SpaceX, Blue Origin, Virgin Galactic сияқты компаниялар бұл бағытта айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Әзірге бұл – қымбат қызмет. Алайда уақыт өте қолжетімді бола түседі деп ойлаймын. Бұрын әуе сапары да қымбат болған, бүгінде ол қалыпты жағдайға айналды. Сол сияқты, болашақта ғарыш туризмі де кеңінен қолжетімді болуы мүмкін.
Алдағы уақытта туристерге арналған орбиталық станциялар салынып, өзінше «ғарыш қонақүйлері» пайда болуы ықтимал. Адамдар бірнеше күн бойы орбитада болып, Жерді бақылай алады. «Артемида-2» бағдарламасы да болашақта Айды айналып ұшатын туристік сапарлардың мүмкін екенін көрсетті. Сонымен қатар жаңа мамандықтар пайда болуы мүмкін. Ғарыш гидтері, туризм саласының инженерлері мен нұсқаушыларға сұраныс артады. Осылайша, ғарыш жаңа еңбек бағытына айналады. Әрине, бұл бағытта қиындықтар да бар. Ең алдымен, билет құнының жоғары болуы, экологияға ықпалы және туристердің қауіпсіздігі сияқты мәселелер өзекті болып қала береді. Дегенмен алдағы уақытта орбитаға тұрақты рейстер ұйымдастыру, Айға, тіпті Марсқа ұшу мүмкіндігі қарастырылуы ықтимал. Қысқасы, қазір ғарыш туризмі таңдаулы адамдарға ғана қолжетімді болса, болашақта көпшілік үшін ашық жаңа мүмкіндікке айналуы мүмкін.
– Сұхбатыңызға рақмет! «Сұңқар» зымыранының сәтті ұшырылуына тілектеспіз. Ғарыш саласында еңбек етіп жүрген барша мамандарды кәсіби мерекемен құттықтаймыз.





