Әнші Кенжебек Жанәбіловтің жары Жәмила әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандарды толғандырған сұрақтарға жауап беріп, отбасындағы туыстық қатынастарды егжей-тегжейлі түсіндірді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Ол жазбасында көпшілікті қызықтырған мәселені ашық айтып, Жазира мен Жанболаттың келіні өзіне кім болып келетінін және олардың қандай туыстық байланыста екенін баяндап өтті.
«Кенжебектің балдызы.. Кенжебектің қарындасы… Кенжебектің қайын әпкесінің қызы..
Жанболат пен Жазираға келін болғалы жатқан кім? Бізге қандай туыстық қатысы бар? Осының бәрін өзім түсіндіріп берейін..
Біз әке мен анадан жетеуміз. Қыздың кішісі мен, ұлдың кішісі Мұхамеджан. Мұхамеджан менен бір жас кіші. Мамамыз 2004 жылдары сырқаттанып жүріп, Мұхамеджанның үйленуін қалады. Сөйтіп шаңырағымызға қазақылық пен салт дәстүрді қастерлейтін, маңғаз Маңғыстаудың қызы Лиза келін болып түсті. Лиза ибалығымен, инабатымен әулетіміздің ажары мен базарына айналды. Араға бір жыл салып дүниеге Асылы келді. Атын анамыз қойды. Асылы деп әйгілі қазақ тілінің жанашыры Асылы Османова апамыздың құрметіне қойды. Асылы апамыздың өзін шақырып бесікке бөлетті. Асёка дүниеге келгеннен кейін араға сегіз ай салып анамыз дүниеден озды. Сосын Лизаның анасы Асёканы бағып қағып, мектеп бітіргенше тәрбиесін берді. Сөйткен Асёкамыз өсіп келін болғалы жатыр. Аллаға шүкір еліміздің ең танымал отбасыларының бірі Жанболат пен Жазираға. Құдай тіл көзден сақтасын!
Дайректтен келіп жатқан сұрақтарға жауап бере алдым деп ойлаймын.. Ары қарай жазайын ба..?», – деп түйіндеді ол.
Жазба соңында Жәмила оқырмандарынан пікір білдіруді сұрап, тақырыпты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, бұл жазба желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды.






