Түркістан облысының Жетісай ауданында егде жастағы әкесін жүйелі түрде ұрып-соқты деп айыпталған ер адамның соты аяқталуға жақын. 15 қаңтарда сотталушы қорытынды сөз сөйледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот отырысы кезінде сотталушы көз жасына ерік беріп, кінәсін толық мойындап, көпшіліктен кешірім сұрады.
“Істеген ісіме шынайы өкінемін. Өмір бойы өкініп өтемін. Бас көтеріп, жүре алмай қалдым. Жүруге де хақым жоқ. Барлық мұсылман қауымнан, қазақтардан кешірім сұраймын. Қателестім, пендешілік болды. Сыртымнан қарғамаса екен. Шыдаймын бәріне, істеген ісіме шын жүректен өкінемін. Түрмеде жатып, “өлсем бе екен?” деген ойлар келді. Осыған дейін ешкімнің ала жібін аттамадым. Сондай іс болып қалды. Түсіністікпен қарасаңыздар екен. Кешіріңіздер, жеңіл жаза беріңіздер”, – деді сотталушы.
Сөзінше, ол отбасының жалғыз асыраушысы. Сол себепті жазасын жеңілдетуді сұрайды.
“Адвокат жалдауға да жағдай жоқ. Қоғамдық қорғаушы да берілмеді. Әйелім жұмыссыз, кәмелетке толмаған балалар бар. Бұрынғы отбасыма алимент төлеймін. Несием бар. Қазір “ақшаны төлеңіздер, әйтпесе үйді тартып аламыз деп хабарласып жатыр”, – деді ол.
Еске салайық, 2025 жылдың қыркүйегінде Түркістан облысында ер адамның өз әкесін аяусыз қорлап, балағаттап, тіпті ұрып-соққан видеосы тараған еді. Облыстық полиция ер адамды қамауға алды. Жуырда әкесін аяусыз ұрған түркістандық ер адамға екі бап бойынша айып тағылғаны туралы жазған едік. Прокурор ер адамды 6 жылға соттауды сұрады.






