«Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің шешімімен бұрынғы Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды.
Ал компанияның бұрынғы басшысы Қуанышбек Есекеев Президенттің кеңесшісі қызметіне ауысқан.
«Бағдат Мусинге қордың ең маңызды активтерінің бірін басқаруда үлкен табыс тілеймін. Сондай-ақ, Қуанышбек Есекеевке еліміздің ең ірі телекоммуникациялық компаниясын 14 жылдан астам табысты басқарғаны үшін алғыс айтамын. Қордың негізгі компанияларының бірі — «Қазақтелеком» АҚ-ның дамуына бірінші басшы ретінде қосқан үлесіңіз шексіз», — деп атап өтті қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
Бағдат Мусин 2004 жылы Сүлеймен Демирел атындағы университетінде «Есептеу техникасын бағдарламалық және техникалық қамтамасыз ету» мамандығын алып шыққан.
2006 жылы Қазақ құқық және халықаралық қатынастар институтын заңгер мамандығы бойынша тәмамдайды.
Еңбек жолын 2004 жылы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-да бағдарламалық қамтамасыз ету жөніндегі бас инженер болып бастады.
2007 жылдан 2020 жылға дейін ҚР Әділет министрлігінде, ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінде, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында түрлі мемлекеттік қызметтерді атқарды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы цифрландыру және инновациялық технологиялар бойынша кеңесшісі болды. Басқа да мемлекеттік лауазымдарда қызмет атқарды.
Соңғы бірнеше жылда — 2020 жылдан 2024 жылға дейін — Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметін атқарды.
Сонымен қатар жеке компанияларда, оның ішінде корпоративтік венчурлық қорлардың басшысы болды.
2014-2016 жылдар аралығында Бағдат Мусин «Қазпошта» компаниясын басқарды.
Еске сала кетейік, бір ай бұрын Бағдат Мусин Мемлекет басшысының жарлығымен лауазымынан босатылған еді.
Министр бұл қызметтен «өз еркіммен кеттім» деп жазса да, түрлі Тelegram арналар оны «кетірді» деп даурықты.
Осы орайда біздің агенттік оның министр болып жүрген кезде елді елең еткізген әрекеттері мен бастамаларына шолу жасады.
Айта кетейік, Бағдат Мусинге қылмыстық іс қозғалды деген қауесет те айтылды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<