Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жол-көлік оқиғасына себепкер көлік жүргізушілеріне жазаны қатайту керек деп есептейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутат Алматыдағы жантүршігерлік жол апатына қатысты пікір білдірді.
«Бұл жерде екі мәселе бар. Бір жағынан байқағаным камераға көп сеніп кеттік. Камералар қарапайым халыққа жұмыс істейді. Қарапайым халыққа үлкен ақша, ал бай адамдарға айыппұл ешқандай әсер етпейді. Барлығының автокөлігі 100-200 мың доллар тұрады. Олар айтады екен менде «проездной» деп. 1-2 млн теңге айыппұл төлейді де жүре береді. Мұнда үлкен мәселе бізде заңда да кемшілік бар. Стритрейсинг деген заңбұзушылық. Шетелде бұл бұрыннан бері қаланың ішінде жарыс ұйымдастыру қылмыс болып саналады», – деді депутат Парламенттің бірлескен палатасының кулуарында.
Мұрат Әбенов бірнеше ұсыныс дайындап жатқанын да жеткізді.
«Стритрейсингті 60-тан километр көрінсе, ондайды арақ ішкен адаммен бірдей ғып есептеп, жүргізуші куәлігінен айыруымыз керек. Бірінші рет ұсталса, қаланың ішінде рұқсат етілгені 60 км/сағ болса, 125 км/сағ-пен жүрсе, онда 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру керек және оны 15 тәулікке қамау керек. Екінші рет қайталанса, онда өмір бойы жүргізуші куәлігінен айыруымыз керек, 50 тәулікке қамауымыз керек. Осындай ұсыныстар беріп жатырмын», – деп атап өтті ол.
Бұдан бөлек депутат жазаны қатайту керек деген пікірде.
«Қазір міне үш адамды өлтірді, 10-ақ жыл. Ұсынысымыз – егер бір адам қайтыс болса, 7 жылдан 10 жылға дейін, ал 2-3 адам көз жұмса, онда 10 жылдан 15 жылға дейін өте ауыр қылмыс санатына жатқызу. Германияда бұл қасақана қылмыс болып саналады екен. Бізде осы заңды өзгерту керек. осы сессия біткенше үлгерсек, меніңше, ІІМ де, прокуратура да бұл ұсыныстарды қолдайды», – деді Мәжіліс депутаты.






