Баянауыл ормандарында бұлан көзге түсті

191

0

Фото: Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

Баянауылдың тау баурайларында бұлан көзге түсті. Ұлттық парк аумағында бүгінде 80-нен астам бұлан бар деп есептеледі.

Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі күні Қазақстанда 7 мыңға жуық бұлан бар. Саны кейінгі жылдары үш есеге өсіп, Арқа жеріндегі ну орманды, таулы аймақтарда көбейе бастағаны байқалады дейді табиғат қорғау инспекторлары. Халықаралық Қызыл кітапқа енгенімен, жер бетіндегі нақты саны белгісіз.

Баянауыл тауларының арасындағы орман-тоғайларды бұландар қысы-жазы мекен етеді. Тұяқты жануарлар аумақта 1985 жылдан бері жиі байқалып отыр. Бұл жануардың бір ерекшелігі, ағзасында жылқы секілді өт болмайды. Ащылауыт, қамысты, қоғалы жерлерге жайылғанды, теректің қабығымен, таудағы аршамен қоректенгенді ұнатады. Баянауылдың Күркелі, Жаяу Мұса, Қаражар ауылдары маңындағы биік тауларда, Жалаңтөс асуы мен Мырзашоқыда, Қоңыр әулие үңгірі маңында жиі ұшырасады.

Павлодар облысында бұлан Баянауылмен қоса, Ертіс орманы резерватында кездеседі. Орманшылар соңғы рет 170-тен астам жануарды санап шыққан.

Еске сала кетейік, Ертіс орманында бұзауымен суатқа келген бұлан фототұзаққа түсіп қалды. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<