Байқауда бағы жанғандар

113

0

Фото: Түркітілдес журналистер қоры

Алматыда «Жас Қанат. Балалар-2024» атты екінші республикалық балалар шығармашылығы байқауы өтті. «Азия Дауысы» халықаралық фестивалінің Қоғамдық қоры ұжымы қала әкімдігіне балалар байқауын оңтүстік астанада өткізу идеясына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Айта кетейік, бұл байқау – әлеуметтік жоба. Көрермендерге арналған билеттер де, қатысушылар үшін де байқауға қатысу тегін болды. Биыл конкурсқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен дарынды балалардан 130 өтінім келіп түскен. Солардың ішінен 17 үміткер финалға өтті. Ал көрермендерге финалистер өнерін тамашалар алдында олармен алдын ала Instagram желісіндегі @zhas.qanat.official және @voice_of_asia_official парақшалары арқылы танысу мүмкіндігі берілді. Сонымен қатар, осы платформаларда көрермендер арасында дауыс беру ұйымдастырылды.

Байқауда бағы жанғандар

Биылғы байқауға қатысушылар деңгейі өте жоғары болғандықтан кәсіби қазылар алқасы жеңімпазды анықтау барысында біраз қиналды. «Жас Қанат. Балалар-2024» байқауының қазылар құрамында еліміздің атақты өнер жұлдыздары Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрлан Абдуллин, Айгүл Бабаева және Жәмилә Серкебаева, композитор Артық Тоқсанбай, әнші, продюсер, «Жас Қанат» байқауының 2000 жылғы лауреаты Нұргүл Нұғыманова, эстрада жұлдызы Парвиз Назаров және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Медеу Арынбаев бар.

Байқауда бағы жанғандар

Залдағы атмосфера ерекше сезілді. Қатысушыларды қолдауға олардың достары, туыстары мен арнайы қолдау топтары келді. Сонымен байқаудың нәтижесі бойынша үшінші орынға Қарағанды қаласынан келген 13 жастағы Ансар Абдурахман ие болды. Ал екінші орынды 13 жасар алматылық София Балғазина жеңіп алды. Бірінші орын Талдықорған қаласынан келген 12 жастағы Інжу Есімжанға бұйырды. Оны мамандар қазірдің өзінде болашақ Бибігүл Төлегенова деп атап отыр. Ал «Жас Қанат. Балалар-2024» байқауының Бас жүлдесін Алматы қаласының тұрғыны, 13 жастағы Азат Сүндетбек жеңіп алды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<