Байқоңырда қалалық бассейнде болған бала өлімінің себебі аталды

545

0

«Байқоңыр» кешенінің прокуратурасы қаладағы «Орион» бассейніндегі тоғыз жасар баланың өліміне қатысты тергеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайғылы оқиға 2022 жылдың 22 желтоқсанында сағат 14:40 шамасында болған. «Орион» бассейнінің директоры Елена Волкованың айтуынша, жоспарлы сабақ кезінде балалардың бірінің жағдайы күрт нашарлаған. Ол суда жүргенде есінен танып қалады. Мекеменің медицина қызметкерлері мен нұсқаушылары баланы тез арада судан шығарып, дереу көмек көрсетуге кіріскен, жедел жәрдем шақырған. Жедел жәрдем қызметкерлері баланың қайтыс болғанын айтты.

«Жүргізілген сот-медициналық сараптама суға бату белгілерінің жоқтығын анықтады, бала жалпы сырқаттан қайтыс болды», – деді бассейн директоры.

Куәгерлердің айтуынша, бала бассейнге әпкесімен келген. Белгілі болғанындай, бала кардиостимулятормен жүрген.

«Байқоңыр» кешенінің прокуратурасы жариялаған хабарламада баланың бассейнге баруға қарсы көрсетілімдерінің жоқтығы туралы барлық медициналық құжаттары болғаны айтылған.

Аталған факті бойынша қайғылы оқиғаның мән-жайын жан-жақты тексеру мақсатында РФ Тергеу комитетінің «Байқоңыр» кешеніндегі тергеу бөлімі қылмыстық іс қозғады. Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр және ол «Байқоңыр» кешені прокурорының бақылауында.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<