Қаламыздағы үлгілі де үлкен отбасылардың бірі — Байсұғұловтар әулеті. Бұл отбасыны теміржолшылар әулеті деуге әбден негіз бар. Ата кәсіпті жалғастырған ұрпақтардан қазір бесінші буын теміржол саласында еңбек етеді.
Теміржолшы кәсібін тұңғыш иеленген Төремұрат ата Орынбор-Ташкент теміржол желісінің жасампаз жұмысын көріп өскен екен. Сол қызығушылығы оны локомотив депосына әкеліп, алдымен шебер, сосын машинист болып, ұзақ жыл еңбек етті. Бейнеттен зейнет көрді. Ұжымдастарының ілтипатына ілікті. Еңбек демалысына шыққан соң атаның еңбек дәстүрін баласы Орынбек жалғады. Ол 1938 жылы туған, саналы өмірін теміржолмен байланыстырды. Жұбайы Печанкүл екеуі 9 бала өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Бүгінде жұбайы дүниеден ерте өткен жолдасының орнын жоғалтпай, 9 баладан 20 немере, 28 шөбере сүйіп, олар теміржол саласында табысты тірлік кешіп келеді.
Үлкен ұлы Сейіл ДСУ мекемесінде бас инженер болып қызмет атқарды. Қызы Бақыткүл «Қазақстан Темір жолы» жүк тасымалы бөлімшесінің жетекші есепшісі, ал, Омары болса, локомотив депосында бригадир.
Майор шенімен Оспан желілік ішкі істер бөлімшесінде қызмет етті. Қуанышбек ұлы локоматив депосында механик, қыздары Гүлнар мен Гаухар жүк тасымалы бөлімшесінде. Бірі – таспа инженері, екіншісі – есепші.
Немерелері Гүлфира Қазақстан темір жолы жүк тасымалы бөлімшесінің жетекші инженері болса, Орынбек Оспанұлы өндірістік бөлім бастығы. Ал, Ернұр «Қазақстан Темір жолы» жүк тасымалы бөлімшесінің Төретам станциясында жүк қабылдаушы болып жұмыс істейді.
Осылай бес ұрпақтың өкілі бір саланың берекесін қалауға, өрісін өркендетуге сүбелі үлес қосып келеді. Еңбек адамдарының әулетіне айналған осы қара шаңырақты құт қонған отбасы деседі.






