Бала кезімнен Абайдың өлеңдерін оқимын – Елена Рыбина

2127

0

Қызылордалық әріптесіміз Елена Рыбина қазақ тілінде жетік сөйлейді. Қызмет барысында мәтіндер мен баспасөз релизін мемлекеттік тілде дайындайды. Бала кезінен қазақша жетік білетін ол бүгінде Назарбаев зияткерлік мектебінде қызмет етеді. Еленамен әңгіме барысында қызмет барысы, ұлттар достығы жөнінде ой бөлісті.

– Cөз басында алдымен өзің, отбасың жайында ой бөлісе кеткенің артық болмас. Ата-анаң Қызылорда жеріне қашан келген?

– Ата-анамның қазақ топырағына қадам басқанына биыл тұп-тура 40 жыл толып отыр. 1983 жылы Ресейдің Самара қаласынан Сыр өңіріне құрылысшылар пойызымен бет түзеген екен. Содан бері Қызылорда қаласында тұрады. Қазір Белкөл кентінде өмір сүріп жатыр. Ол кісілер Қызылордада әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарын салуға атсалысты. Кейін Кеңес одағы тараған тұста өзге туыстарымыз қайтадан тарихи отанымызға бет алды. Ата-анам ешқайда кеткен жоқ. Өздері үйренген, бауыр басқан Қызылордада қалып қойды.

Әкем – Владимир, анам – Галина, ағам – Александр, барлығы қазақша жақсы түсінеді. Ауызекі тілде жақсы сөйлейді. Қазір өзім отбасылымын, жолдасым да қазақша біледі. Балам да қазақша түсінеді және сөйлей алады.

Мен Белкөл кентіндегі сол кезде аралас білім беретін №189 мектепте оқыдым. Кентте негізінен жергілікті ұлт өкілдері басым тұрады. Біз бір-бірімізді жатсынған жоқпыз. Өзіміз қатарлас балалармен екі тілде сөйлесіп жүрдік. Бұл менің қазақша жан-жақты үйренуіме септігін тигізді. Мектеп бітіріп жоғары оқу орнына келгенімде мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгергенімді байқадым. Қорқыт Ата университетінде педагог мамандығы бойынша қазақ тілінде білім алдым. Қазір сол университетте магистратурада қазақ тілі педагогтерін даярлау бағдарламасы бойынша білім алуды жалғастырып жатырмын.

– Тілге деген қызығушылығың қай кезде пайда болды?

– Жаңа айтып өткенімдей, бала кезімнен қазақша жақсы түсініп кеттім. Өсе келе оған қызығушылығым арта түсті. Алғашқыда мәнерлеп оқу сайысына көп қатыстым. Абайдың, Ә.Тәжібаевтың, Қадыр Мырза Әлінің еңбектерінен тәрбие алдым.

Бала кезімнен Абайдың өлеңдерін оқимын – Елена Рыбина

Бала кездегі мына оқиғалар әлі күнге дейін есімде. Құрбыларымның барлығы дерлік қазақ еді. Ауылда балалардың басын қосып, көршілерге концерт қоятынбыз. Өз қолымызбен мақтау қағазын жасайтын едік. Үздік өнер көрсеткендерді марапаттап, ерекше көңіл-күйге бөленіп жататынбыз.

Мұның барлығы – балалық шақтың керемет естелігі. Қазір сол апайлар әже болды. Көрген сәтте сол оқиғаларды еске түсіріп, күліп алатынымыз бар. Бұл қай-қайсымызға да жақсы әсер қалдырады.

– Жоғары оқу орнына келгенде жергілікті телеарнада журналистік қызмет атқарғаныңды жақсы білеміз. Студенттік өмірде де белсенді болған секілдісің.

Студент кезде қазақ тілін білуге деген қызығушылығым одан әрі арта түсті. Орыс тіліндегі оқулықтарды қазақ тіліне аударып, ғылыми тілді меңгеруіме сеп болды. Тіл мені бұқаралық ақпарат құралдары саласымен қауыштырды. Өзіңіз білетіндей, 5 жыл жергілікті телеарнада жұмыс жасадым. Талай мәрте қазақ тілінде хабар тараттым. Мемлекеттік тілді, ұлттар достығын насихаттайтын көптеген бағдарлама көрермендерге жол тартты.

Телеарнадағы журналистік қызметімде білім беру тақырыбында көбірек ақпарат таратып жүрдім. Сондықтан болар, бұл жол мені өңірдегі Зияткерлік мектепке баспасөз қызметіне алып келді. Биыл оған 10 жыл болады. Заманауи мектептің қызметін, оқудағы ерекшелігі мен оқушылардың ғылымдағы білімдегі жетістігін қоғам арасында насихаттап келемін. Оң имиджін қалыптастыру бағытында жасалған жұмыстар аз емес.

Қазір білім беруде үлкен прогресс бар. Біздің білім ошағында шетелдің және қазақстандық озық тәжірибесі бар. Білім алушылар сол бағытта оқытылады. Осылайша балалар білім ғылым кеңістігінде биіктерден көрініп келеді. Бұрын жас ғалымдар арасында ғана ғылым жаңалықтарды еститін едік. Қазір орта мектеп оқушылары өздерінің әлемдік деңгейдегі өнертабысымен таңғалдырып жүр. Сондай-ақ, Гарвард, Стенфорд секілді әлемдік жоғары оқу орындары қазақстандық оқушылардың академиялық білімі мен тұлғалық қасиеттерін жоғары бағалап, студенттер қатарына қабылдауда.

Балалар арасында дарынды өрендер баршылық. Олардың қабілетін бағалап, сапалы білім алуына жол ашсақ, ол біз үшін – зор міндет. Cол жолда талмастан, шаршамастан қызмет атқарып келеміз.

Байқаймыз, кейбір халықаралық байқауларда қазақстандық ұландар ешкімнен кем түспейді. Ол сапалы білімнің арқасында қол жеткізген табыс деп білемін. Қай пәннен болсын, оны үздік білетін жас өрендер өсіп келеді. Бұл тәуелсіз еліміздің алдағы уақытта жоғары жетістікке жетуіне негіз болады деген ойдамын. Осындай абыройлы істі атқарып жүрген жандардың қатарында болғаным мен үшін де қуанышты жағдай.

– Елімізде ауызбірлік, татулық, достықтың арқасында қаншама игілікті істер жүзеге асырылып келеді. Бұған көзқарасың қалай?

– Қашанда әлемде бейбітшілік болғанын қалаймын. Татулықты ту етіп, достықтың дәнекері болған артық емес. Біз қазақ отбасылармен көрші тұрдық. Ата-аналарымыз бір-бірін қонаққа шақырып жататын. Ұлттық мейрамдарда бір-бірін құттықтап, қуанышты бірге бөлісіп жатады Мұндай үрдіс әлі күнге дейін жалғасып келеді. Әрбіріміз бір-бірімізге қол ұшын созып, қолғабыс жасап жатамыз. Оны өте жақсы дәстүр деп бағаласақ та жарасады.

Журналистік қызметімде талай жерге бардым. Сонда менің қазақ тілінде жетік сөйлеп жатқаныма таңғалыс білдірген кісілер аз болған жоқ. Үлкен кісілер алғысын білдіріп, ақ батасын береді. Қашанда қариялардың батасын алған дұрыс қой.

Достарымның арасында жергілікті ұлт өкілдері аз емес. Олармен жиі байланысып, хабарласып тұрамыз. Жетістігімізге қуанып, қолға алған ісімізге сәттілік тілеп жатамыз. Бұл – қай-қайсымызға да дағды болған ізгілікті іс. Алдағы уақытта да ол жарасымды дәстүр жалғасын таба береді.

Еске салсақ, бұдан бұрын қызылордалық София Темірболат «Киберқауіпсіздік балалар үшін өте маңызды» деген ойын білдірген еді. Ол виртуалды ортамен қауіпсіз байланыс дағдысын дамытатын «Cyber City хикаялары» кітабын жазып шықты. Жаңа кітап оқушыларға цифрлық қауіпсіздікті түсіндіреді. Оны қызықты қысқа комикс əңгімелер арқылы жеткізеді. Олардың технологиялық жəне дүниетанымдық салалар бойынша білімін қалыптастырады.

«Комикс кітабында балалардың интернеттегі қауіпсіздік ережесі жөнінде жан-жақты қамтылған. Олардың жаңа терминдерден хабардар болуына, ақпараттық мəдениетті жетілдіруге көмектеседі. Енді келешекте басқа да бөлімдерін жазу ойымда бар. Келешекте кітапты әрі қарай дамытуды көздеп отырмын.

Кітаптың тұсаукесерінде Қорқыт ата университетінің экономика және құқық институтының директоры Нұрлан Құлмырзаев мұндай дүниелердің гаджеттерге әуес альфа ұрпақ балаларға интернеттегі киберқауіпсіздік пен ақпараттық гигиенаны сақтауға мүмкіндік беретінін айтып өтті. Жаңа кітаптың тұсаукесерінде мен ерекше қажеттілігі бар балаларға кітапты сыйға тарттым», – деді ол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<