Фото: ҚазАқпарат
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов журналист Әйгерім Сейфолланың Youtube арнасына берген сұхбатында бала тәрбиесі жайлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ұл балаға да, қыз балаға да әке тәрбиесін көрудің үлкен, ерекше маңызы бар. Әрине, ананың да, әкенің де орны бөлек. Ұлдың да, қыздың да әке мен ана тәрбиесін көруі, бірдей қамқорлығына бөленуі, махаббатын бірдей сезіну, тәрбиесін тең көру ертеңгі күнгі болашағы жарқын, бәсекеге қабілетті, ары қарай дамуы үшін өте маңызды. Әрине, әке болғаннан кейін жақсы әке болуға тырысамын. Әке болу адамға туа біте қалыптасатын қасиет емес. Туғанда әке болып тумаймыз. Оны өзіміз үйренеміз. Әке болу – ең бірінші кезекте өзіңмен жұмыс істеу. Біріншісі – не айтасың, екіншісі – үйде не істейсің? «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны» іледі деген сөз бар», – деді депутат.
Оның атап өтуінше, өзіңнің күнделік жақсы іс-әрекетің балаға дұрыс тәлім-тәрбие беруге болады.
«Біз көбіне тәрибені үйрету, ақпарат беру ретінде қабылдаймыз. Бірақ, менің ойымша бұл дұрыс емес. Өйткені, бала сенің күнделікті не істеп жүргеніңді қарайды. Өзіңнің ата-анаңмен, бауырларыңмен қандай қарым-қатынасың бар, олармен қалай сөйлесесің? Дүкенде, аялдамада тұрғанда, автобусқа мінгенде, әлде бір жерге барғанда кезекте тұрып, күтесің бе? Рульде келе жатқандағы іс-әрекетің қандай болады. Үйде тамақ ішкеннен, кітап оқығаннан, теледидар көргеннен бастап өзің мән бере бермейтін іс-әрекетің – міне осы тәрбие. Кім баласын жаман болсын дейді. Барлығымыз «мынаны жасама, ұят болады» дейміз. Бірақ, айту бір мәселе, ал күнделікті іс-әрекетіңмен үлгі-өнеге көрсету мүлдем басқа мәселе», – деді Асхат Аймағамбетов.
Депутат жұмыстан кейін үйге келген соң балаларына қалай тәлім-тәрбие беретіндігін айтты.
«Балаларға не керек? Балалар әкесімен, анасымен ойнағысы келеді. Балалармен ойнау, сөйлесу қажет. Бұл ретте сенің өзіңнің не ойнағың келетінді ойнау емес. Баланың жас ерекшелігін, көңіл-күйін, ынтасын түсініп, тілін таба білу керек. Анда-санда арқаңа мініп алады, ат боласың. Конструктор құрастырып, ертегі оқып бересің, тығылыспақ, мүмкін футбол ойнайсың. Ол баланың көңіл-күйіне байланысты. Баламен ойнау өте маңызды. Баланың ең басты іс-әрекеті – бұл ойын. Бала ойнау керек. Бала көп нәрсені ойын арқылы үйренеді», – деді ол.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<