Қай заманда да ата-ана үшін ең үлкен міндет – баласын жақсы азамат етіп тәрбиелеу. Бірақ «жақсы тәрбие» ұғымының мазмұны уақыт өткен сайын өзгеруде. Қазіргі таңда балаға тек әдеп үйрету немесе мектепке дайындау жеткіліксіз. Ол қоғамға бейімделген, өзіндік ойы бар, жауапкершілікті сезіне алатын, адами қасиеттерді бойына сіңірген тұлға болып қалыптасуы керек.Сондықтан да ата-анаға бала тәрбиесінде жаңа тәсілдер, қосымша білім мен шыдамдылық қажет. Бала үшін ең алғашқы ұстаз – ата-анасы. Қандай мектепте қандай кітап оқыса да, баланың мінезі ең алдымен үйдегі ортадан қалыптасады.
Ата-ана баласына көп ақыл айтып қана қоймай, өзі соның үлгісін көрсетуі тиіс. Егер әке шыншыл болмаса, бірақ ұлын адал болуға шақырса, оның сөзі нәтижесіз. Ал анасы телефонға тәуелді болса, бірақ қызын «гаджетке көп қарама» десе, бала оны тыңдамайды. Өйткені балалар сөзге емес, іске сенеді.
Тәрбие беруде әкенің рөлі де ерекше. Әке жауапкершілігі – отбасына тірек болу, ұлға да, қызға да бағыт-бағдар көрсету. Ананың жауапкершілігі – мейірім, қамқорлық пен тәрбие негізін беру. Екеуі бірігіп, үйлесім тапқанда ғана бала дұрыс қалыптасады.
Қазіргі бала – ақпарат ғасырының өкілі. Ол кішкентай кезінен бастап түрлі суреттер, дыбыстар, бейнежазбалар қоршауында өседі. Кейде ата-аналар «біздің кезімізде мұндай болмаған» деп таңғалады. Иә, рас, қазіргі балалардың дүниетанымы, қызығушылығы, тіпті көңіл-күйі де басқа.
Мысалы, бұрын бала ойыншықпен ойнаса, қазір ол планшеттен нағыз машина жарысын қызықтайды. Бұл – дамуға кедергі емес, тек ата-анаға қосымша жауапкершілік. Өйткені бала виртуалды әлемге тым беріліп кетсе, шынайы өмірге қызығушылығын жоғалтады.
Жас ерекшелігіне қарай да балалардың психологиясы өзгереді. Мәселен, 3-6 жастағы бала қиялшыл, бәрін білгісі келеді. Ал, 7-12 жаста еліктегіш, достары мен қарым-қатынасты жоғары қойса, 13-17 жаста өзіндік «менін» іздейді, ата-анамен қақтығыстар жиі болады.
Әр кезеңде ата-ананның баламен байланыс орнату тәсілі де әртүрлі. Тәрбие – қатаң талап қою емес, ол баланың өзін қажет екенін сезінуі. Ол үшін ата-ана баламен жиі сөйлесіп, құшақтап, жылы сөз айтуы керек. Алайда, шексіз еркіндік те, еркелік те зиян. Балаға еркіндікті бере отырып, орынды шектеулер де қоя білу қажет. Шектеулердің мәні мен себебін де түсіндіріп, баланың дербестігін де құрметтеген жөн. Дөрекілік көрсетпей, оны тыңдай білу – ата-ананың парызы. Сол себепті кейде кішкентай ғана әңгіме үлкен мәселеден құтқарады.
Бала бәрін ата-анасы үшін емес, өзі үшін жасауды үйренуі керек. Ол үшін үй шаруасына араластыру, өз бетінше шешім қабылдауға мүмкіндік беру маңызды. Мысалы, 3-ке толған балаңызға өз ойыншықтарын жинау, аяқкиімді сөрелерге қою сынды ең оңай жұмыстан бастап, қай түсті киімді кигің келеді дегеннің бәрі маңызды. Себебі, 5-6 жасқа дейін жұмсалмаған балаңыздың жұмыстануға ықыласты болмайтыны анық.
Отбасындағы тәрбие мен мектептегі білім бір-бірін толықтыруы қажет. Егер ата-ана білімге мән бермесе, бала да мектепті жеңіл-желпі қабылдайды.
Кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың да маңызы зор. Телефоннан ақпарат оқыған басқа, кітаптан алған білімнің әсері мүлде бөлек.
Цифрлық ақпараттар мен гаджеттер заманында өмір сүріп жатқандықтан, пайдасымен қатар, зияны да тиіп жатады. Заманауи балаға әсер ететін қауіптер көп. Сондықтан балаларды қажетсіз, тіпті зиянды ақпараттардан барынша алыстатуға тырысқан жөн. Алайда бұл баланы мүлдем гаджетсіз қалдыру деген сөз емес, оның уақытын реттеуді үйрету маңызды. Баланың қандай қосымшаларды пайдаланатынын, оның әлеуметтік желіде нендей контентті көретінін және кімдермен араласатынына қызығушылық танытыңыз. Желіде, мессенджерлерде отыратын адамның барлығы дерлік оған жақсылық ойламауы мүмкін екенін, тіпті ол сөйлесетін құрбы-дос деп жүрген баланың аккаунтының артында мүлдем басқа арам пиғылды адамдар отыруы мүмкін екенін, жеке басына қатысты ақпаратты барынша құпия ұстау қажеттілігін түсіндіру қауіптен құтқарады.
Ата-ана бұл қауіптерді дер кезінде байқап, алдын алуы қажет. Осы орайда, баланы тәрбиелеуде ата-анаға пайдасы тиер практикалық кеңестер ұсынуды жөн санадым. Күн сайын балаңызға кемінде 20-30 минут уақыт бөліңіз, «Қалайсың?», «Көңіл-күйің қалай?», «Күнің қалай өтті?» деген қарапайым сұрақтарды қойып, әңгімелесуді ұмытпаңыз. Бұл сөздер балада «мен ата-анам үшін маңыздымын» деген ой қалыптастырады. Сондай-ақ қателік жасаса, жазаламай, түсіндіріп көріңіз. Өмірде қателесу қалыпты жағдай екенін, қандай жағдайда да оны қолдайтыныңызды, жақсы көретініңізді айту да маңызды.
Баланың қызығушылығын қолдай отырып, сурет салғысы келсе бояу, спортқа барғысы келсе спорт үйірмесін тауып беріңіз. Интернетті қауіпсіз пайдалануды бірге үйреніңіз. Ашық түрде болмаса да, барынша бақылап жүруге тырысыңыз.
Отбасылық дәстүрлерді сақтаңыз, бірге ас ішу, мерекені атап өту, туған күнде құттықтау. Бұл кейін есейгенде бауырлар арасындағы әдемі сыйластыққа құрылған үрдіске айналады.
Заманауи ата-ана үшін ең басты міндет – баланың жан дүниесін түсіну. Баланың дені сау, ойы ашық, жүрегі мейірімді болып өсуі әр отбасының қолында.
Тәрбие – бір күндік іс емес, үздіксіз процесс. Бүгін айтылған сөз ертеңгі іс-әрекетке айналады. Сол себепті ата-ана балаға тек ақылшы ғана емес, жанашыр дос, сенімді серік бола білуі керек.
Раушан КАЖДАНБЕК,
облыстық психологиялық қолдау орталығының
әдіскер-психологі





