Бала қауіпсіздігі – баршаға ортақ

589

0

фото: ortalyq.kz

Бала – еліміздің болашағы, өміріміздің жалғасы. Оларды түрлі төтенше жағдайлардан қорғау аға буынның міндеті. Баланың қауіпсіздігіне ең алдымен ата-ана жауапты. Ата-ана балаға дұрыс пен бұрысты, жолда жүру ережелері мен қауіпсіздік жайлы ескертуі тиіс. Білім беру мекемелері де бала қауіпсіздігіне жауапты. Мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі оқушылардың мектептегі қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Баланың өзін қорғауға, қауіпті жағдайларды тануға және олардан аулақ болуға үйренуі де маңызды. Мысалы, рұқсат етілмеген жерге суға түсуге, қауіпті заттарды ұстамауға, терезенің алдына шықпау секілді тыйым салынған іс-әркеттерді істемеуді ата-ана қадағалауы керек.

Оқыс оқиғалар өз ісіне деген жауапсыздықтан орын алады. Деректерге сүйенсек, 2022 жылы республика бойынша оқыс оқиғалардан 14 жасқа дейінгі 701 бала мерт болған. Ал, былтыр жарты жылда 93 бүлдіршін терезеден құлап, оның 15-і мерт болған.

Бала өмірін қиятын тағы бір фактор — жол апаты. Жолда жүру ережелерін білмеуі. Жаз шықса талай өмір су түбіне кететіні тағы бар. Мысалы, аймағымызда 1 маусым күні екі бала суға кетіп қайтыс болды. Облыстық прокуратура мәліметінше, балалардың су айдындарындағы қауіпсіздігі үлкен мәселе болып отыр. Былтыр 10 бала суда қайтыс болған. Биыл жаз басталмай жатып Жаңақорған ауданы Қожамберді ауылында 7 жасар бала каналға суға кетті. Бүгінде оқушылардың жазғы демалысы басталды. Сондықтан, балалар демалысын қауіпсіз әрі тиімді ұйымдастыру – баршаға міндет.

Балаларға қауіпсіздік дағдыларын үйрету өте маңызды. Бұл өмірдің түрлі салаларында олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Балалар травматологы Жомарт Сүлейменов үй ішіндегі қауіпсіздік шаралары орындалса, жарақаттың аз болатынын айтады.

– Өткір және қауіпті заттарды баланың қолы жетпейтін жерге қою, электр розеткаларын қорғағыштармен жабу керек. Табиғи газ, басқа да зиянды заттармен байланысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, асханаға баланы жолатпаған дұрыс, – дейді ол.

Қорыта айтқанда, бала қауіпсіздігі – ата-ана мен қамқоршылар үшін басты міндеттердің бірі болуы керек. Кез келген қауіп-қатерді алдын ала анықтап, оларды болдырмау үшін тиімді шаралар қабылдау өте маңызды.

Жанерек НҰРХАН,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің І-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<