Бала қауіпсіздігі басты орында

310

0

Фото: Ашық дереккөз

Жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен құқығын қорғау — қоғамның басты міндеті. Осы орайда сала мамандары Төретам кентіндегі №85 мектепте оқушыларға түсіндірме жұмысын жүргізді. Еркін форматта ұйымдастырылған шараға кент әкімі Ғалымжан Елеусинов, Қармақшы аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиева, AMANAT партиясының Байқоңыр қаласы бойынша филиал төрағасы Еркін Рзалиев және «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев, ҚР ІІМ Байқоңыр қаласындағы Өкілдігінің Әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Жандос Құлманов қатысты.

Жиында балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, құқық бұзушылық, топтық төбелес, буллинг секілді тақырыптар талқыланып, оқушылармен еркін пікір алмасу жүзеге асты.

Әсіресе, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері қоғамдағы жастар мәселесіне кеңінен тоқталды.

— Оқушылардың өмірінде жиі кездесетін мәселелерді балалармен бірге талқылау өте маңызды. Олардың пікірін білу, шешімді бірге іздеу нәтижеге жетуге көмектеседі. Бүгінгі шараның негізгі мақсаты да ашықтықты қамтамасыз ету, — деді Гүлзира Мәжитқызы.

Сонымен қатар сала мамандарымен кездесуде оқушылар жазғы демалысты тиімді ұйымдастыру, мектеп бітіру шараларын тілге тиек етті. Балалар барлық қауіпсіздік талаптарын сақтайтынын айтып, ұстаздар ұсынысын қаперге алатынын жеткізді.

Айта кетейік, аталған шара бұдан өзге Төретам кентіндегі Т.Жүргенов атындағы №80 мектеп-гимназиясы мен Жанқожа батыр атындағы №269 мектепте өткізілді.

Бала қауіпсіздігі басты орында

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<