Жуырда облыстық білім, жастар саясаты мәселелері, дене шынықтыру және спорт басқармалары мен “Жомарт” қайырымдылық қорының ұйытқы болуымен “Мектепке жол” қайырымдылық марафоны – 2018” шарасы болды. Марафонға қатысушылар ҚР Тұңғыш Президенті саябағынан Сұлтан Бейбарыс, Тәуелсіздік, Ш.Есенов көшелері арқылы Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионға дейін жүгіріп өтті.
Қайырымдылық акциясына мемлекеттік мекеме қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен қала тұрғындары, барлығы 1100 адам қатысты. Нәтижесінде 550650 теңге қаржы жиналды. №140 мектепте өткен акцияда аталған қаржы есебінен 46 тұрмысы төмен отбасына көмек көрсетілді.
– “Мектепке жол” жалпы республикалық акциясы балаларға қуаныш сыйлайтын, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсететін игі шара. Аймақта 1-20 тамыз аралығында барлығы 4206 балаға осы акция аясында көмек берілді. Акция қыркүйек айының соңына дейін жалғасатын болады. Осы ретте, балалардың бақыты үшін қолдарынан келгенше көмек қолын созған барлық ҮЕҰ, жергілікті мекемелерге, қайырымдылық қорларына алғыс білдіреміз, – деді облыстық білім басқармасының бас маманы Н.Жұманов.
Өз кезегінде ата-аналар да ризалығын білдірді. Солардың бірі Бибінұр Әбдірова: – Менің алты балам бар. Бәрі тете өсіп келеді. Алды 6-сыныпта оқиды. Олардың барлығын оқу құралдарымен қамтып үлгермей жатырмын. Осылай көмектесіп, қолдау білдіріп, кішкене болса да сый көрсетіп жатқан ел ағаларына, қайырымды жандарға, облыстық білім басқармасы мен өзге де мекеме қызметкерлеріне барлық ата-аналар атынан алғыс айтамын, – деді.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
“Сыр бойы”.
“Сыр бойы”.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<