Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов және аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназармен бірге Тереңөзек кентіндегі «Балдаурен», «Қызғалдақ», «Айгөлек» балабақшаларын аралап, әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты. Аудан басшысы білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие үдерісінің ұйымдастырылуы, материалдық-техникалық база, санитарлық талаптардың сақталуы, балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада тәрбиеленуіне назар салып, балабақшалардың жылыту қазандықтарын көрді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалығы, бұл – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп, балаларға саналы тәрбие беру жолында барлық жағдайды жасау керектігін тапсырды. Осыған орай, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен өңірде, ауданда қолайлы жағдайлар жасалуда. Бала тәрбиелеуде барлық талаптар сақталуы керек, ешқандай заңбұзушылықтарға жол берілмеуі тиіс, Ең бастысы, балғындардың қауіпсіздігі басты назарда болуы қажет, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Балабақша меңгерушілері тәрбиеленушілерге арналған жайлы жатын орындар, теңгерімді әрі күнделікті ыстық тамақпен қамту, сондай-ақ заманауи білім беру бағдарламаларына сәйкес оқу және дамытушы сабақтардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқандығын айтты.

Аудан әкімі балабақшалардың жай-күйіне байланысты бірқатар мәселелерге тоқталып, оларды шешу жолында нақты жұмыстарды атқаруды аудандық білім бөлімінің басшысына тапсырды.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі






