Балалар ауылындағы үйлердің біріне жауынгердің есімі берілді

1062

0

Қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде ерлікпен қаза тапқан жауынгер, ІІІ дәрежелі Айбын орденінің иегері Мадияр Қайсаровтың атына «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылындағы үйлердің біріне есімі берілді.

Ашылу салтанатына облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова, Қызылорда гарнизонының әскери прокуроры әділет полковнигі Ғалымжан Маханбетов, 5547 әскери бөлімінің командирі подполковник Төлеби Чубаев, ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ерлан Абдикаримов және батыр жауынгердің ата-аналары мен әскери қызметшілер, балалар ауылын тәрбиеленушілері қатысты.

Шара ең алдымен бейбіт күннің батыр жауынгері Мадияр Оразалыұлын еске алу үшін бір минут үнсіздікпен басталды. Мұнан соң, басқарма басшысы сөз сөйлеп, батырға арнап үйдің есімі берілуі оған деген құрметтің белгісі екенін, жастарымыздың патриоттық сезімін оятып, оларды елге деген алаңдаушылық, сүйіспеншілік сезіміне тәрбиелеу екенін жеткізді.

Шарада жауынгер қызмет еткен 5547 әскери бөлімнің командирі подполковнигі Төлеби Чубаев мен ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ерлан Абдикаримов, Қызылорда гарнизонының әскери прокуроры әділет полковнигі Ғалымжан Маханбетов сөз сөйлеп, Мадиярдың өз жұмысына адал болғандығын айтып еске алды. Сондай-ақ, батыр жауынгердің ата-аналары ұлдарына арнап үйдің есімін берген облыстық білім басқармасы мен балалар ауылына ризашылықтарын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, Мадияр Қайсаров қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру бойынша қызметтік-жауынгерлік міндеттерін атқару кезінде қаза тапты. Бүлікшілер әскери жүк көлігін қолды етіп, оны сарбаздарға бағыттаған. Сол сәтте Мадияр батыр жанындағы серіктерін итеріп үлгеріп, өзі камаз көлігінің астында қалған болатын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<