Жанар Алдажарова бірнеше жылдан бері каратэ-до спортынан бапкерлік қызметпен айналысып келеді. Қазір Тасбөгет кентіндегі №5 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде жас өрендерге жол сілтеп, әрдайым жоғары биіктен көрінуіне күш салып жүр.
– Өзім Байқоңыр қаласында тоғыз жасымнан спортпен айналысқан едім. Алғашқы бапкерім – Дильдора Усманова. Ол кісі шәкірттерінің шыңдалуына қолдан келгенше үлес қосты. Екінші анамыздай болып кетті. Қаншама жарыста алдыңғы орыннан көріндік. Ендігі кезекте өзім сол міндетті атқарып жүрмін. Каратэ-доның қыр-сырын білуге құштар шәкірттерімді көргенде ерекше көңіл-күйге бөленемін. Сондықтан әрбір дәрісімді айрықша дайындықпен өткізуге тырысамын. Қуанарлығы, олардың жеңіске деген жігері талай биікті бағындыруға жол ашып келеді. Шәкірттерім халықаралық және республикалық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Келешекте биік белеске шығарына сенімім зор, – дейді Жанар бізбен әңгімесінде.
Шығыс жекпе-жегінің жоғары үлгісі ретінде бағаланатын каратэ-до қазір әлемнің барлық елінде кеңінен қанат жайып келеді. Оны көптеген жарыс барысында анық байқау қиын емес. Тіпті белгілі спортшылардың өзі ойламаған жерден қарсыласына есе жіберіп қояды.
– Еліміздің барлық аймағында арнайы үйірмелер жұмыс істейді. Біздің облыста да барлық спорт мектебінде бар дей аламыз. Осының арқасында бәсекелестік өте жоғары.
Өз шәкірттерім былтыр Қырғызстанда өткен Орта Азия чемпионатында жасөспірімдер арасында Аяулым Ерболат, Айзере Жолдасбай алтын, Никита Макаров кумитэ бағдарламасында қола жүлдегер атанды. Аяулым мен Айзере былтыр ел біріншілігінде чемпион атанып, спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындады. Сол жарыста үздік үштікті түйіндеген Айша Еркебұланқызы да дәл сондай табыспен оралды, – дейді ол әңгімесін жалғастырып.
Жанардың айтуынша, жаттығу балалардың жас ерекшелігіне қарай жүргізіледі. Нәтижесінде олар каратэ-доның қыр-сырын толық игеруге мүмкіндік алады. Балалар өзін-өзі қорғауға, тәртіпке үйренеді.
– Жас өреннің мінезіне қарай сөйлесуге тырысамын. Оның жауапкершілігі өте жоғары екенін білемін. Әдіс-тәсілді баланың жасына сай үйретіп, алдымен жақсы тұлға ретінде қалыптастыруға тырысамыз. Әрине, негізгі мақсатымыз – олардың арасынан чемпиондар шығару. Қазір сол жолда тынбай еңбек етіп келеміз. Халықаралық турнирде ел намысын абыроймен қорғап жүрген шәкірттерімнің саны жылдан-жылға көбейіп келе жатқаны қуантады, – деді бапкер.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»






