«Балалар – біздің болашағымыз»

265

0

Фото: автордан

30-шы мамыр күні облыстық білім басқармасы және облыстық білім саласы ардагерлер кеңесі «1-ші маусым – Халықаралық балаларды қорғау» күніне орай Тұңғыш Президент бағында «Балалар – біздің болашағымыз» тақырыбында ардагерлер мен олардың немерелерінен құрылған топтар аралығында спорттық өнер сайысын өткізді.

Сайысқа сексеннің сеңгіріне шыққан ардагерлер өздерінің немерелерімен бірдей ән салып, би биледі. Сайысқа әсіресе 82 жасқа келген Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі Оразбай Қосанов, жетпіс пен сексеннің ортасында жүрген Шегебай мен Кәжденбек ағайлар, Гүлзия апай, жетпіске иек артып қалған Асылхан ағай мен Қанайым апай топтары өздерінің өнерлерін барынша көрсете білді.

Сайыстың негізгі мақсаты отбасы құндылығын арттыру, отбасы мүшелерінің өзара байланысын нығайту, бала тәрбиесіндегі ата-ана рөлін, әке мен ер бала, ана мен қыз бала қатынасын нығайту, олардың тәрбиесіндегі ата мен әжелердің алатын орнын көрсету және ұлттың тәлім-тәрбие жүйесін дәріптеу болып табылады.

Сайысқа ардагер ата-әжемен, 5-12 жас аралығындағы немерелер қатысты. Сайыс әрі тартысты, әрі қызғылықты болып өтті. Оны тамашалаған көрермендер ата-әжемен немерелердің өнерлеріне дән риза болды. Топтардың барлығы ерекше дайындықпен келген, ең бастысы – немере ата-әжесімен ерекше ықылас-ынтымақта болды. Шынында да ұлттық тәрбиенің негізі отбасының берекесі мен бірлігінде емес пе?

Барлығына басшылық жасаған Облыстық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Бекенов және оның орынбасары Баян Сүйеубаева осы шараға аса жауапкершілікпен қарап, өте ыждағатты түрде ұйымдастыра білді. Сайыс соңында қатысқан барлық балаға марапат жасалды. Ардагер аталар да, олардың немерелері де жан-жақты өнер көрсетіп, көпшіліктің көңілінен шыға алды.

Шегебай Бәшенов,

БАҚ-пен жұмыс сектор жетекшісі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<