Кеше 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай ауданымыздағы «Балықшылар» аллеясында қуаныш пен шаттыққа толы «Біз – бақытты баламыз!» атты мерекелік концерт өтті.
Жаздың алғашқы күніне сай шуақты ауа райы мен балалардың балғын күлкісі мерекенің сәнін кіргізіп, ерекше көңіл-күй сыйлады.
Кең көлемде ұйымдастырылған мерекелік шарада аудандық оқушылар үйі мен өнер мектебінің талантты балалары ән мен жырдан шашу шашып, өнерлерін ортаға салды.
Шарада жас бүлдіршіндерден құралған би топтарының бұрала билеген билері мен балабақшаның бал тілді балапандарының риясыз көңілден шыққан өнерлері көпшілікті ерекше қуанышқа бөледі.
Балғын балапандардың қуанышына арналып, аллеяда түрлі отбасылық спорттық сайыстар мен суретшілер байқауы ұйымдастырылды. Жас өрендердің арман-қиялдарынан туындаған шығармашылық жұмыстары келушілерге шаттық көңіл күй сыйлады.
Сондай-ақ, шарада аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова бүлдіршіндерді бүгінгі бал мерекесімен құттықтап, ізгі лебізін арнады. Мереке барысында балаларға тәтті балмұздақтар үлестірілді.
Арал ауданы әкімдігі





