Жыл сайын балалардың асыға күтетін мерекелерінің бірі – Жаңа жыл мерекесі. Балғындарға ерекше көңіл-күй сыйлайтын мерекеге орай бүгін жылдағы үрдіс бойынша «Жаңа жыл, Жаңа белес, Жаңаша нұр!» атты аудан әкімінің шыршасы өтті.
100-ге жуық балақай қатысқан мерекелік шараға аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет арнайы қатысып, балғындармен олардың ата-аналарына жылы лебізін жеткізді.
– Ескі жыл еліміз үшін мерейлі белестер жылы болды. Барлық салада да өсіп, өркендеу бар. Сіздердің барлықтарыңыздың биыл жақсы нәтиже көрсеткендеріңізді білемін.
Елімізді жыл сайын болашағымыз балалардың жарқын болашағы үшін біршама жұмыстар атқарылуда. Ауданымызда биыл Жанқожа батыр ауылында 300 орындық «Жайлы мектеп» құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар жаңа, заман талабына сай жабдықталған балабақшалар, спорт кешендері, спорт және ойын алаңдары көптеп салынуда. Еліміздің келешегі саналатын Сіздер үшін жасалып жатқан игі істер әрі қарайда жалғаса беретін болады.
Баршаңызға жаңа ұлу жылында бақыт, денсаулық, үздік оқу тілеймін. Жаңа шындардан көрініп, ауданымыздың даңқын көтере беріңіздер, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң жаңа жылдың кейіпкерлері аяз ата мен ақшақарды қарсы алған құлыншақтар ән-жырдан шашу шашып, би билеп, өнерлерін ортаға салып, аяз атаның сыйлықтарына ие болды. Сондай-ақ, жасыл шырша жанына жиналған ертегі кейіпкерлерінің ғажайыпқа толы қойылымдарын тамашалап, ерекше күйге бөленді.
Жаңа жылдық мерекеде балақайларға сыйлықтар үйлестіріліп, арнайы жасалған тәтті торт сыйға тартылды. Шара соңында бөбектер жайылған дастарханнан дәм татып, қуанышқа кенелді.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<