Балалардың құқықтарын қорғау – мемлекеттің басты басымдығы

14

0

Жыл қорытындысы бойынша өткен алқа отырысында балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері қаралып, облыс прокурорларының баяндамалары тыңдалды.

Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы қылмыстық тәуекелдерді анықтауға және азайтуға бағытталған «Қауіпсіз өңір» жобасын таныстырды. Жоба аясында қауіпті учаскелерді абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, инфрақұрылымды жүйелі мониторингтеу, сондай-ақ құқық бұзушылықтар туралы деректерді талдау негізінде профилактикалық және патрульдік жұмысты күшейту көзделген.

Қазіргі уақытта жоба аясында бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, кейбір қауіп-қатерлер төмендетіліп, балалардың мектепке баратын жолдарында қажетті инфрақұрылым қамтамасыз етілді, буллинг фактілері анықталып, жедел шаралар қабылданды.

Бұл жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, олардың құқықтары мен денсаулығын қорғау мемлекеттің негізгі басымдығы болуы тиіс деген тапсырмаларына толық сәйкес келеді. Балалар – еліміздің болашағы, сондықтан әрбір баланың мейірім мен қамқорлықты сезініп, қауіпсіз ортада өмір сүруі аса маңызды.

Осыған байланысты барлық өңір прокурорларына балалар қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аудару, қауіпті учаскелерді анықтау, жарықтандыру мен патрульдеуді күшейту, жергілікті атқарушы органдармен және полициямен нақты өзара іс-қимылды қамтамасыз ету тапсырылды.

Сонымен қатар, Алматы облысының прокуратурасы білім беру саласындағы Kundelik платформасымен меморандум жасасып, қосымшаның басты бетінде прокуратура блогын іске қосты. Бұл бастама балалардың құқықтық мәдениетін арттыруға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Құқықтық ақпаратты тиімді жеткізу үшін өзара іс-қимылдың 4 негізгі тетігі қарастырылған. Материалдар (фото, видео, мәтіндік форматтар және вебинарлар) оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай әзірленіп, күрделі құқықтық мәселелер түсінікті тілде ұсынылады және оқу процесінде қолданылады. Сондай-ақ QR-кодтар мен мессенджерлер арқылы анонимді кері байланыс мүмкіндігі қарастырылған.

Аталған блогты 210 мыңнан астам оқушы мен олардың ата-аналары қарады. Kundelik платформасымен ынтымақтастық құқықтық ақпарат таратумен қатар, қолда бар деректерді талдауға, оларды «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында пайдалануға, тәуекел тобындағы балалар мен ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамайтын тұлғаларды уақтылы анықтауға мүмкіндік берді.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 16 мыңнан астам бала тиісті медициналық қызметтермен қамтылып, 4 мыңнан астам ата-анаға заңнамада көзделген әлеуметтік төлемдер тағайындалды. Сонымен қатар қамқорлықсыз қалған үш жасар балаға жедел көмек көрсетілді: анасы мәжбүрлі емдеуге жіберіліп, бала Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.

Бұл атқарылған жұмыстардың бір бөлігі ғана.

Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі прокурорлар қызметін жүйелеу және балалар мен ата-аналарды ақпараттандыру тиімділігін арттыру мақсатында Kundelik платформасымен осындай интеграцияны барлық өңірлерде жүзеге асыру тапсырылды. Бұл балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған жобаларды біріктіруге, нақты топтармен жұмысты үйлестіруге және кеңінен қолданылатын цифрлық құрал арқылы құқықтық тәрбиені күшейтуге мүмкіндік береді.

Аталған шаралардың барлығы балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға және «Заң мен Тәртіп» қағидаттарын профилактика, уақтылы көмек көрсету және әрбір баланың құқығын қорғау арқылы іс жүзінде іске асыруға бағытталған.