Балалардың жарақаттануы және оның алдын алу

298

0

Фото: ашық дереккөз

«Жарақат» – қоршаған орта факторларының әсерінен туындаған адам ағзасындағы зақым болып табылады. Балалардың жарақаттануы – олардың денсаулығына қауіп төндіріп ғана қоймай, ата-аналар үшін қиындық туғызатын маңызды әлеуметтік мәселелердің бірі.

Көбінесе жарақат бастауыш мектеп жасындағы балаларда болады (7-11 жас). Ұлдардың жарақаттары қыздарға қарағанда жиі кездеседі (73,3%), жарақаттар үш жастан асқан балалардың өлімінің басты себебі болып табылады.

 Балалар инфекцияларымен салыстырғанда жарақаттар мен жазатайым оқиғалардан әлдеқайда көп бала қайтыс болады. Зақымданудың пайда болуы балалардың анатомиялық, физиологиялық және психологиялық ерекшеліктері, олардың физикалық және психикалық дамуы мен қауіп-қатерге деген сезімталдықтың төмен болуы салдарынан болады. 

Балалардың тұрмыстық жарақаттануы зақымданулар арасында бірінші орын алады және барлық жарақаттардың 70-75%  құрайды. Тұрмыстық жарақаттар мектеп жасында азаяды. Тұрмыстық жарақаттар ішінде биіктен, әсіресе терезеден құлау жиі кездеседі. Әсіресе, жаз басталысымен биік қабаттан құлау оқиғасы жиілей түседі. Екінші, үшінші және одан да жоғары қабаттан құлау фактісі көбіне терезедегі москиттік торды орнатумен байланысты.

Жел қақтыру үшін ашқан терезеден ауып құлаған сәбилер жетерлік. Олардың бірлі-жарымы жарақаттан жеңіл құтылса, бірі мерт болады. Көп жағдайда дәрігерлер көмектесе алмай мүгедек болып қалуы мүмкін. Биіктен құлау жағдайлары жол-көлік оқиғалары секілді адамның жиі мерт болуына әкеліп соғады. Жоғары қабаттан көбіне жасы беске толмаған сәбилер құлайды. Сондықтан балалардың москит торынан құлауына ерекше назар аудару керек. Ата-аналарға көпқабатты үйлерде балаларды терезеге жақындатпай, мұқият болған жөн.

Қайғылы жағдайлардың көбісі ата-ананың қарауынсыз қалған үйлерде немесе ата-аналардың салғырт қарауынан орын алады. Ойын баласының кез-келген нәрсеге әуестеніп, қолды-аяққа тұрмай, мазасыз күйде болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан сәбиіңіздің өміріне қауіп төнбес үшін, оның әр қадамына абай болғаныңыз абзал.

Қымбат БАЙНАЗАРОВА,

 көпбейінді облыстық балалар ауруханасының мейіргері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<