БҰҰ Даму бағдарламасының бірыңғай жобасы шеңберінде Еуропалық Одақ қаржыландыратын «Қызылорда облысында оазистік суаруды көрсету» пилоттық жобасы Арал өңірінің ауыл шаруашылығында тиімді су ресурстарын басқаруда жасыл технологияларды енгізуді көздейді. Сондай-ақ, су және энергиямен қамту шығындарын 29 млн теңгеге дейін азайтуға мүмкіндік береді.
Осы пилоттық жоба Жалағаш ауданында таныстырылды. Баламалы энергияны пайдалану бағытындағы іс-шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, БҰҰ тұрақты үйлестірушісі, БҰҰ ДБ Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігі ісінде уақытша сенімді өкілі Золтан Салаи және Германияның Қазақстандағы елшілігі ісіндегі сенімді өкілі Джонатан Вайнберг қатысты.
Еуропалық Одақ тарапынан толық қаржыландырылатын, құны 7,1 миллион еуроны құрайтын бұл жобаның ерекшелігі – жасыл технологияларды қолдану арқылы сортаңданған жерлерді ауылшаруашылық мақсаттарда пайдалануға бейімдейді. Жобаны іске асыруға аудандағы «Манақ баба» қожалығы таңдалды. Бұл орайда 9 озық «жасыл» технологияны қолдану фермерлік қожалығын толыққанды дамыту үшін таза сумен және электр қуатымен қамтамасыз ететін болады.
Әріптестік шарасында аймақ басшысы Елбасының алдағы уақытта жаһанды күтіп тұрған 5 сын-тегеуріндер қатарында базалық ресурстардың, оның ішінде ауызсу мен суармалы судың тапшылығына баса назар аударғанын атап өтті.
– Су ресурстарын пайдалануда біз су тапшылығының алдын алу үшін облыста бірқатар жұмыстарды қолға алып отырмыз. Мысалы, соңғы үш жылда Сырдария өзенінде екі үрлемелі су тоспасы салынды. Судың қорын тиімді пайдалану ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, 2018 жылдан бастап 3 млрд текше метр су жинайтын 6 су қоймасын салуды жоспарлап отырмыз. Осылайша біз, суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту арқасында суды 20 процентке дейін үнемдеуге қол жеткізетін боламыз. Ал оазистік суару технологиясын енгізу – мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын қатар дамытып, жаңа кәсіпорындарды ашуға мүмкіндік береді, – деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде, БҰҰ ДБ Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура жаңа технологияларды және тәсілдерді енгізу әртараптандыру мен еңбек өнімділігінің әлеуетін арттырудың көрнекі үлгісі болып табылатынын атап өтті.
Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігі ісінде уақытша сенімді өкілі Золтан Салаи да біздің елімізді өте маңызды стратегиялық серіктес санайтынын айтып өтті.
– Өңірлердегі жұмыс біздің стратегиямыздың басты элементі болып табылады. Біздің жоспарымыз – өңірлермен, соның ішінде Қызылорда облысымен түрлі даму банктері арқылы жаңа форматта жұмыс жасау. ЕО қаржылық қолдауымен іске асырылып отырған бұл жоба – жасыл экономика саласындағы жұмыстарды табысты жүзеге асырудың бір көрінісі, – деді ол.
Жоба жайында толығырақ айтсақ, «Манақ баба» қожалығына күн сәулелік және жел электрстанциясынан тұратын, күн сәулесін және жел массаларының қозғалысын электр энергиясына түрлендіретін гибридті құрылғы орнатылды. Бұдан алынған энергия тұрмыстық тұтынуға және фермерлік қажеттіліктерге пайдаланылады. Арнайы сорғыш шаруа қожалығының аумағында орналасқан ұңғымадан суды үлкен көлемді ыдысқа, тәуліктік реттеу бассейніне тартады. Ал бассейнге жиналған су тармақтың көмегімен белгіленген аумаққа біркелкі үлестіріледі. Осмотикалық құрылғымен қайта тазартылатын су ауыз суға, сондай-ақ плантацияларды суаруға пайдаланылады.
Жоба нәтижесінде шамамен 5 гектар сортаңданған жер қалпына келтірілсе, оның 3 гектары алма бағы, ал қалған бөлігіне басқа да көкөніс дақылдары өсіріледі. Әлемдік тәжірибеде бизнестің бұл түрінің табыстылығы 7%-ті құрайды. Өз кезегінде бұл жоба Сыр өңірінде жасыл технологияларды пайдалану арқылы баламалы энергия үлесін арттыруға септігін тигізетін болады.
Айта кетейік, шара қонақтары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Таң ЛТД» ЖШС 200 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізіп, пайдалануға берген 90 орындық «Таң бөбегі» балабақшасында болып, бүгінгі тіршілік тынысымен танысты. Мұнда 23 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».
Жалағаш ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<