Атырау облысында жасалған ауыр қылмысқа байланысты күдікті ретінде марқұмдардың 29 жастағы күйеу баласы – Махамбет ауданының тұрғыны Сұлтан Сәрсемалиев аталды. Сұлтан Сәрсемалиевтің анасы журналист Жанат Жақсыбайқызына сұхбат берді. Видео сұхбат тілшінің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған, деп хабарлайды Malim.kz.
«Баламды бұлай тәрбиелеген жоқпын. Ол тәртіпті. Ондай жолға барады деп ойламаймын. Құдай сақтасын! Мүмкін емес. Сенбеймін. Ол әкесінен қатты қорқады негізі. Бірақ Наурызбен жақсы сөйлеседі. Оны мойындаймын. Айтып отырады сөйлескендерін. «Аман екен. Ауылға кетіп бара жатыр екен. Келіп жатыр екен» деп Ақбаянға айтып жатады. Ондай жамандыққа қимаймын. Баламды олай тәрбиелеген жоқпын», – деді налыған ана.
Тілшіні осы оқиғадан кейінгі ана мен бала арасындағы байланыс жайы қызықтырған. Сұхбат беруші хабарласқанын айтқан.
«Осы хабарды естігеннен кейін балама хабарластым. Аудио хабарлама жібердім. Полицейлер мазалап жатқанын айтып, түзу жүрген-жүрмегенін сұрадым. Ешкімнің ала жібін аттама дедім. Бірақ хатымды оқымапты. Соңғы рет «уотцапқа» 11 қаңтар күні кірген екен. Мен одан кейін жаздым», – деді ол.
Күдіктінің балалары бүгінде осы кісінің қолында.
«Балаларды өзім қарап жатырмын. Менің тек бір қателігім балаларға сенімхат алмаппын. Соған өкініп тұрмын. Оларды бағу маған қиын емес. Өзімнің немерелерім ғой. Жолдасым Астанада емделіп жатыр. Аяғы ісіп, дерті күшейіп кетті. Сондықтан қызым Айдана алып кетті. Ақылы клиникада емделуде. Төрт бала тәрбиелегенмін. Екі қыз, екі ұлым бар. Сұлтан – ең кенжем. Жасы жиырма тоғызда. Балам жуас болатын. Мұндайға бармайды. Әскерден кейін күзетте жұмыс істеді. Кейін жүк тиеуші болып істеп жүрген. Бастапқыда намаз оқыды дейтін. Бірақ көрген жоқпын. Үйге келіп оқымайды. Келін күні кешеге дейін, құлағанға дейін намаз оқыды», – деді күдіктінің анасы.






