Қазіргі балалар цифрлық ортада өмір сүреді, интернет пен әлеуметтік желілер күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналған. Алайда қауіп-қатер де аз емес. Жасөспірімдердің психологиялық, эмоционалдық, тіпті физикалық қауіпсіздігіне қатер төнуі мүмкін.
Психолог ретінде ата-аналар мен балалардың онлайн қауіпсіздігіне байланысты бірнеше маңызды мәселеге тоқталғым келеді.
Бірінші, груминг (Grooming) – бала сеніміне кіріп, ұзақ сөйлесіп, сексуалдық ниетпен ықпал ету. Грумерлер өздерін дос, ұстаз немесе қамқор адам ретінде көрсетіп, баланың ішкі әлеміне кіруге тырысады.
Екінші секстинг (Sexting) – жасөспірімдерді интимді суреттер алмасуға итермелеу. Мысалы, «размер білу үшін іш киіммен фото жібер» деген секілді сөздер – қауіпті белгі. Ниеті дұрыс ересек адам немесе дос адам мұндай өтініш айтпайды.
Ал үшіншісі дигпик (Digpic) – дене мүшесінің суретін рұқсатсыз жіберу. Әдетте, бұл әрекетті ересек адамдар жасөспірімдерге бағыттайды. Бұл – сексуалдық және психологиялық қысым мен зорлықтың бір түрі.
Ең алдымен баламен ашық, сеніммен сөйлесіп, интернетте кіммен хабар алмасатынын, неге қызығып қарайтынын біліңіз. Профиль жабық болсын, себебі әлеуметтік желі – баланың жеке кеңістігі. Бірақ оны бөтен адамдар көрмеуі керек. Жеке ақпаратты құпия ұстау маңызды. Тұрғылықты жері, мектеп, телефон нөмірі сияқты мәліметтер құпия болу керек. Қауіпсіздік ережесі қатаң ескеріліп, ешкімге, ешқашан, интимді фото жібермеу, парольді тек бала мен ата-ана ғана білу керек.
Баланың ұялы телефонының аккаунтын өз жасына, өз атына ашу, балаға өз жасымен аккаунт ашсаңыз тек сол жасқа сәйкес ойындар, контенттер ашылады. Мысалы, бала 10 жаста, ал сіз ата-анасы ретінде өзіңіздің жасыңызбен, есіміңізбен аккуант аштыңыз. Ол жерге ересек адамдар көретін, баланың дамушы психикасына кері әсер ететін, өз жасына сай емес контенттер беріледі, ал балаңыз соны қарауға мәжбүр.
Соңғысы әрі маңыздысы, балаңыздың онлайн әрекеттерін қауіпсіз әрі сауатты бақылауға мүмкіндік беретін тиімді құралдарды пайдалану. Мәселен, Kaspersky Safe Kids , Norton Family Parental Control , Google Family Link қосымшалары арқылы балаңыздың интернетке кіру уақытын шектей алудан бастап, қай сайттарға кіргенін бақылап, қажетсіз ресурстарды бұғаттай аласыз. Ең бастысы – бұл сенімді сақтап, қауіптің алдын алуда, ата-ана үшін «Телефоныңды бер, не қарап отырсың» деп күштеп тексеріп, қарым-қатынаста қиындықтардың орын алуын болдырмай-ақ бақылауға мүмкіндік береді.
Сандуғаш ӨМІРБЕКОВА,
облыстық психологиялық қолдау
орталығының психолог маманы






