Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы жемқорлық жасау күдігіне ілікті. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының көмекшісі, ресми өкіл Данияр Бигайдаров мәлім етті.
«Агенттік сыбайлас жемқорлықты, оның ішінде жоғары лауазымды тұлғалар арасында анықтау және жолын кесу бойынша жұмысты жалғастыруда. Осылайша, агенттік Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы және басқа тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Олар 2021-2024 жылдар аралығында шағын және орта бизнес өкілдерінен жүйелі негізде пара алды деген күдікке ілінді», – деді Данияр Бигайдаров агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.
Ресми өкілдің мәлімдеуінше, тергеу соты күдіктіге қатысты электрондық білезікті пайдалана отырып, үй қамағына алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.
«Күдікті кінәсін толық мойындады, қазір басқа тұлғалардың іске қатысының бар-жоғы тексерілуде. Тергеу жалғасуда», – деді ол.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<