Балық шаруашылығындағы басымдық

8

0

Балық – дәруменді, жеңіл тағам. Буын саулығы мен көздің жақсы көруіне септеседі. Жас та, жасамыс та жей беру керек. Биыл елімізде халықтың жан басына шаққандағы балық тұтыну көрсеткіші 4 келіден 5 келіге өскен. Бірақ сала мамандары әр адам жылына 14 келі балық өнімдерін жеу керектігін айтып жүр.

Екіншіден, облыстарда балықты қолдан өсіру қарқын алды. Тауарлы көл шаруашылықтары Алматы, Түркістан, Жетісу өңірінде көбейген. Ал кәсіптік балық аулау негізінен Атырау, Қызылорда, Алматы және Шығыс Қазақстан облысында жүреді. Балық аулаумен 700-ден астам шаруашылық айналысса, онда шамамен 12 мың балықшы еңбек етуде.

Бізде 120 мың тонна балық өңдей алатын 72 кәсіпорын бар. Олардың 20-сы Еуропа ел­­деріне өнім­дерін экспорттап жүр. Ба­лықтың 50 түрі әлем­нің 21 еліне (Германия, Латвия, Лит­ва, Нидерланды, Ресей, Қы­тай және т.б.) кетеді. Жал­пы осы жылдың 10 айында ба­лық өңдеу кәсіпорындары 45 мың тоннаға жуық ысталған, мұз­­датылған дайын өнім өн­дірген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 мың тоннаға артық.

Экспорт демекші, біздің Сыр өңірі де осы салада ма­ңыз­ды рөл атқарады. Әсіре­се, Арал ауданы балық шаруа­шы­лы­ғында көп жобаны іске асырып отыр.

– Біздегі балық аулау саласында Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені жә­не 17 көл тіркелген. Теңізде ба­лықтың 19 түрі мекендесе, кә­сіп­шілікте оның 16 түрі ауланады. Ауданда жылдық қуаты 24 мың тоннаға жуықтайтын 9 зауыт бар. Ал кешегі күзде бір жылда 6 мың тонна балық өңдейтін «Қарашалаң балық» зауытын іске қостық. Айта ке­тейін, биылғы балық аулау мау­сымындағы белгіленген ли­мит – 6 мың тонна шамалас, – дейді Арал аудандық ауыл шаруашылығы және жер қаты­настары бөлімінің басшысы Жә­нібек Жұбанов.

Оның айтуынша, қазір Аралда алты зауыт («Agrofish 2020», «Арал СДО», «Камба­ла – Балық» балықшылар өн­дірістік орталығы», «СДО Қара­­шалаң», «Aral Sea food», «Қа­­ра­шалаң балық»  ЖШС ба­лық өңдеу за­уыттары) ба­лық­ты терең өң­деумен айналысып келеді. Қал­ған төртеуі («Ар-М-Кон», «Бө­ген СДО», «Қуаныш», «Zhal­gasbay» ша­ғын балық өң­деу зауыттары) балықты қаты­ру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдейді.

– Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін еурокод белгісі тек екі кәсіпорында бар. Олар – «Арал балық өңдеу зауыты» және «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС ба­­лық өңдеу зауыты. Бұдан бө­­лек, 15-ке жуық балықты сұ­рыптап қатыру және сақтау цехы жұмыс істейді. Биыл 4190 тонна балық ауланды. Былтыр 2847, ал осы жылы 4731 тонна балық өңделді. Өткен жылы 1823, биыл жыл басынан бері 2080 тонна балық өнімдері шет мемлекеттерге экспортталды, – дейді ол.

Ауданға қарасты Қосжар ауылында «Қамыстыбас ба­лық питомнигі» кәсіпорны орна­ласқан. Аталған мекеме мен оған қарасты «Тастақ» бөлім­ше­сі Кіші Арал теңізі мен те­ңізге жақын су айдындарына балық шабақтарын өсіріп, жі­береді. Мемлекеттік тапсырыс есебінен онда жыл сайын 15 млн 220 мың балық ша­бағы өсірілсе, оның ішінде 14 млн 800 мың бір жылғы және 420 мың екі жылғы шабақ күтімге алынған.

Балық шаруашылығындағы басымдық

– Бұдан басқа, Ақшатау ел­ді мекеніндегі «Жамбыл» өнді­рістік кооперативінде балық дернәсілдерін шығаратын ин­­ку­бациялық цех жұмыс іс­тей­ді. Цехтан шыққан дер­нә­сілдер арқылы қазір жер­гі­лікті су қоймаларын ба­лық­­тандыру жұмысы жүргі­зіледі. Сондай-ақ «Арал Рыб­торг» ЖШС Аман­өткел ауылы­нан қуаттылығы жылына 15-20 миллион ша­бақ­қа арнал­ған инку­бациялық цех құру бағытында жұмысын бастап кетті, – дейді бөлім бас­шысының орынбасары Айбек Дәрібаев.

Аудандағы ауқымды жо­ба­ның бірі – тоған шаруа­шы­лығы. Ақбай ауылы маңын­да­ғы Ақирек тауының етегінде ор­наласқан 380 гектар жер осы мақсатпен игерілген. Құ­ны 685 млн теңге болатын жо­баны жүзеге асыруға «Бай­қо­ңыр» ӘКК» АҚ арқылы 513 млн теңге несие алынған. Қазір тоған аумағын қазу жұ­мыс­тары бітті. Жобаның гидро­құ­рылысы да аяқталды. Биыл 200 мың майда балық шабағын жіберу керек болса, қазір 50 мың ақ амур, дөңмаңдай, сазан шабақтары тоғандарға жі­беріліп жатыр.

– Бұл балық шабақтары өзі­міздің «Қамыстыбас» балық пи­томнигінде өсірілген. Жылдық қуаттылығы 300 тоннадай болатын тоған шаруашылығында алдағы уақытта сазан тұқымдас балықтар өсіріледі.

Қазір балық шаруашылығы 3 бағытқа бө­лінген. Олар – кәсіпшілік ба­лық аулау, өсі­ру, яғни аква­ку­ль­тура және ба­лықты өң­деу. Бұған де­йін Үкі­метте «Балық шаруа­шы­лығын дамы­тудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағ­дарламасы» бекітілген болатын. Бағдарламада ауданға қатысты тауарлық балық өн­дірісін ұлғайту үшін 7 тауарлы көл тізімге енді. Атап ай­татын болсақ, «Ақшатау-Сор­ғақ», «До­малақ», «Тұщы», «Қа­ра­көл», «Алаша», «Ақбілек» жә­не «Шөмішкөл» көлі. Ау­дан­да тауарлы балық өсіру да­мып келеді. Осы салада 16 шаруа­шылық бар, – дейді басшы орынбасары.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Арал ауданы