Банк капиталының ең аз мөлшері 10 млрд теңгеге дейін шектелмек

139

0

Фото: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Базалық лицензиясы бар банктерді қадағалау және оларға қойылатын пруденциялық талаптар жеңілдетілмек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты.

Сіздердің қарауларыңызға «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының жобалары ұсынылып отыр. Заң жобалары Мемлекет басшысының 2024 жылғы және 2025 жылғы Жолдауларын іске асыру мақсатында әзірленді. Банктер туралы жаңа заңның құрылымы айтарлықтай өзгертілді. Қолданыстағы нормаларға ревизия және оңтайландыру жүргізілді. Банктерде корпоративтік басқару, іс-қимылды қадағалау, төлемге қабілетсіз банктерді реттеу бойынша жаңа бөлімдер көзделді. Заң жобасы 9 бөлімнен, 23 тараудан және 135 баптан тұрады. Ілеспе заң жобасында 7 кодекске және 35 заңға түзетулер енгізіледі, – деді ол.

Оның айтуынша, заң жобаларында банк қызметін реттеудің негізгі мақсаты ретінде Қазақстан Республикасының банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету айқындалған. 

Жаңа заңда банк қызметін реттеудің мынадай міндеттері көзделген:

  • банк жүйесінің жұмыс істеуі үшін құқықтық негіздерді белгілеу; 
  • банк қызметіне қатысты реттеу, бақылау және қадағалау;
  • депозиторлардың, өзге де кредиторлар мен клиенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау; 
  • банктік қызметтер нарығында адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге ықпал ету; 
  • қаржылық сауаттылық деңгейін және халық үшін банк қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға ықпал ету.
    Агенттік төрағасы ең алдымен банк қызметін тепе-тең реттеуді енгізу көзделіп отырғанын айтты.
  • Шоғырлануды төмендету және бәсекелестікті дамыту үшін базалық және әмбебап лицензияларды енгізу арқылы банк қызметін лицензиялауға қойылатын талаптарды ырықтандыру көзделеді. Бұл тәсілдің мақсаты – ірі банктердің ғана емес, сол сияқты нарыққа жаңа қатысушылардың дамуын қамтамасыз ететін орнықты әрі бәсекелес ортаны қалыптастыру. Базалық лицензия әмбебап лицензиядан рұқсат етілген операциялар көлемі мен реттеушілік талаптар деңгейі бойынша ерекшеленеді, – деді Мәдина Әбілқасымова.

Водомство басшысының атап өтуінше, базалық банктік лицензиясы бар банктер үшін заң жобасында активтердің ең жоғары мөлшері мен меншікті капиталдың ең аз мөлшеріне шектеулер белгіленеді.

Бұл ретте нақты шекті мәндер заңға тәуелді актілерде айқындалады. Қазіргі кезеңде активтердің мөлшерін 500 млрд теңгеге дейін және капиталдың ең аз мөлшерін 10 млрд теңгеге дейін шектеу жоспарлануда. Базалық лицензиясы бар банктерді қадағалау және оларға қойылатын пруденциялық талаптар жеңілдетіледі. Жыл сайын жасалатын қадағалап бағалау процесі жеңілдетілген түрде қолданылады, инспекциялар жүргізу кезеңділігі және берілетін есептілік қысқартылады, – деді ол.

Өткен жылғы Жолдауда Президент цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды екенін айтқан болатын.