Банктердің валюталық операцияларға қызмет көрсету мерзімдері қысқарады

436

0

Банктердің валюталық операцияларға қызмет көрсету мерзімдері қысқарады Банктердің валюталық операциялар бойынша төлемдерге қызмет көрсету мерзімдері қысқарады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Трансшекаралық валюталық операциялардың қамтылуын кеңейту мәселесіне тоқталған ҰБ басшысы, «Заң жобасында валюталық операциялар туралы ақпарат жинау рәсімдерін жеңілдете отырып, оларды барынша толық қамту көзделеді. Тіркеудің және хабарлаудың күрделі режімдерінің күші жойылады. Олардың орнына валюталық шарттарды бірыңғай есептік тіркеу енгізіледі.   Шарттың сомасы мен нысанасы есептік тіркеу үшін өлшемшарт болады. Осындай жағдайларда банктер валюталық операцияға қатысты тіркеу немесе хабарлау режімін қолдану керектігін анықтауы қажет болмайды. Сондықтан банктердің валюталық операциялар бойынша төлемдерге қызмет көрсету мерзімдері қысқарады», – деп атап өтті Д. Ақышев.Оның сөзіне қарағанда, заң жобасына сәйкес, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің экспорты мен импорты бойынша шарттарға есептік тіркеу рәсімі қолданылады. Бұл валюталық бақылаудың тиімділігін арттыру және валюталық түсімді елге қайтару үшін келісімшарттардың толық қамтылуын қамтамасыз етеді.Бұдан бұрын хабарланғандай, жалпы отырыс барысында Ұлттық банк төрағасы Қазақстандағы шетелдік ұйым филиалдарының есеп айырысуларын теңгеге ауыстыруды ұсынды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<