Бапкердің баянды жолы

131

0

Бұл кісі қашан көрсең де ақжарқын, мейірман қалпынан танбайтын абыройлы ағалардың бірі. Оны жақсы білетінім, төрт-бес жас үлкендігі болғанымен бір ауылда туып-өсіп, бір мектепте оқыдық. Сол кездегі балалардың сабақ оқып білім алуға, еңбек етіп, спортпен шұғылдануға деген ынта-ықыласы, құштарлығы ерекше еді.

Көргендер біледі, ол кезде мектептің материалдық базасы нашар, көрнекті оқу құралдары, спорт алаңдары жоқтық қасы. Мектеп алдында жалғыз волейбол алаңы болды. Сонда барып волейбол ойнайтынбыз. Спортқа бейім бір топ жігіттер шеге топырақ төселген орынға жиналып, күресіп күш сынасатын. Бастауыш сыныпты оқитын біздер сабақтан соң ересек балалардың күресін көріп тамашаладық. Бірі іштен шалып, енді бірі жамбасқа алып, арыстанша алысқан ауыл балаларының жеңгендеріне қол соғып қошемет көрсететінбіз. Солардың ішінен кейін ауылымыздың абыройын асқақтатып бір топ палуан шоғыры шықты. Мәселен, Бердіғұл Байсейітов, Жылқыбай Әнуарбеков, Өтеп Маханов, Кенжебек Сәрсенбаев, Маханат Елемесов, Иса Әлменов секілді палуандар аудан асып, облыстық бәсекелерде жеңіске жетіп жүлдемен оралғанын жұртшылық жақсы біледі.

Солардың қатарында жауырыны жерге тимей жеңіс тұғырынан кө­рініп, палуан атанған қазіргі спорт саласының ардагері Қуан­дық Ах­метов ағамыз еді.

Ол – Мәдениет ауылынын тума­сы. Ауылдағы №32 орта мектепті бі­тіріп, екі жыл өндірісте қалып, жұ­мыс істеді. Мектеп жанынан құ­рыл­ған бригада құрамында күріш егіп, күтіп-баптап еңбек етті. Шір­кін, баптай білсең, Жер-Ана жо­март қой. Сол жылы бригада мү­ше­лері Сыр салысынан мол өнім жинады. Сол кезде алғаш рет адал еңбек, төккен тердің жемісін кө­ріп қуанғаны әлі есінде. Отан қор­ғау – әрбір азаматтың борышы. Ауыл­­дастарымен бірге әскерге алы­­нып, кеңес армиясы қатарында қызмет етті. Әскер қатарында аза­маттық борышын атқарып жү­ріп те спорттан қол үзген емес, сам­бо күресімен шұғылданып, жа­уын­гер­лер арасындағы сайыстарда же­ңіске жетіп, КСРО-ның спорт ше­бері атағын қорғады.

Арман қуған ауыл азаматы Н.Гоголь атындағы Қызылорда пе­дагогикалық институт, одан ке­йін Қазалы ауыл шаруашылығы техни­кумында оқып мамандық алды. Институт қабырғасында жүріп сту­денттер арасында «Спартак», «Ди­намо», «Қайрат», облыстық «Бу­­ре­вестник» қоғамы рес­пуб­ликалық жарыстарының бірнеше дүркін жеңімпазы болды.

1972 жылдан бастап туған ауылы Мәдениетте мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінен дәріс бере бастады. Ұрпақ тәрбиелей жүріп спорт үйір­месін ашып, жаттықтырушы бап­керлік жұмысын қоса атқара бер­ді. Ауылдағы палуан жігіттерді жи­нап жаттықтырып, команда жа­сақ­тады. Жаттығу кезінде төгіл­ген тер еш кетпеді. 1974 жылы Пет­ро­павл қаласында өткен ауыл-село спортшыларының республикалық спартакиадасында облыс намысын қорғаған, Мәдениет ауылының па­­луандары командалық есеп бо­йын­ша 3-орынды иеленді. Осы са­йыста түрлі салмақ дәрежесіндегі Маханбет Аққошқаров, Тілепбер­ген Қабатов, Көптілеу Кенішбаев, Еңбек Сымабаев жеңіске жетіп, елге қуанышпен оралды.

Жетпісінші-сексенінші жыл­да­ры палуан аға күрестің, еркін, сам­бо, қазақша күрес түрінен об­лыстың құрама командасында көп­­теген жарысқа қатысып, үл­кен же­ңістерді бағындырды. Бозкі­лем­де күш жұмсап өнер көрсеткен ол 7 дүркін облыс чемпионы, 3 дүр­кін облыстың түйе палуаны атанды. 1974 жылы Мәскеу облысы Расшар қаласында самбодан өт­кен Одақтық сайыста жүлделі 2-орынды иеленіп, күрестің осы түрінен КСРО спорт шебері атан­ды. Айта берсек оның спорт са­ласындағы жетістіктері де, алған мадақ-марапаттары да жетілікті. ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеттің, алтын белгісімен марапатталған. Спорт жолындағы жетістіктері мен өмірі Қазақстанның «Алтын кі­та­бына» енді. ҚР Құрметті спорт қайраткері.

1980 жылдардың соңында жо­­ға­ры білімді, білікті маман Қ.Ах­­метов сол кездегі «1 Май» ауыл­­дық кеңесіне төраға болып та­­ға­­йын­далды. Кейін уақыт тала­бына орай ауылдық кеңестің аты өзгеріп, Мәдениет ауылдық ок­ру­гі атанды. Өйткені тәуелсіздік ал­­ған алғашқы онжылдық бүкіл қа­зақ­стандықтармен бірге Мәде­ниет ауылы үшін де өте ауыр бол­ды. Нарық заңдарын халық бір­ден қабылдай алмады. Бірқа­тар ме­кемелер жұмысын тоқта­тып, ша­руашылықтар майда құрылым­дарға бөлінді. Соның кесірінен жұ­мыссыздық, қысқарту белең ал­ды. Ауыл бойынша шешімін кү­тіп тұрған әлеуметтік мәселелер көп еді. Солардың қатарында ал­ды­мен ауыл көшелерін жөндеп, абат­тандыру жұмыстары қолға алынды.

Жаңақорған ауданынан 5 мың түп ағаш көшеті әкелініп, ал­ты кө­шеге отырғызылды. Ауыл ше­ті­нен жастар серуендеп демалатын «Сү­йеніш» саябағы ашылды. Об­лыстық, аудандық бюджеттен қар­жы бөлініп, 5 көшеге тас төселіп, асфальтталды. Алты көшеге нө­мір­­леп белгі қойылса, ауыл ақса­қалдары бас болып Өтебай ұрпақта­рының күшімен бейіттерді қоршау жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақ­сатында ауыл орталығынан тірек пункті ашылды. Ауылда консер­ві­леу, киім-кешек тігетін цех, ха­лыққа қызмет көрсету комбинаты ашылып, жұмыс істей бастады. Комбинатта киім-кешектермен бір­ге жергілікті шеберлердің қолы­мен жасалған керней, самаурын, кетпен, күрек секілді тұрмыстық бұйымдар да сатылды. Уақыт өте келе тұрғындар нарық талабына бейімделіп, кәсіпкерлікке бет бұ­ра бастады. Сол бір өтпелі қиын кезеңнің өзінде ауылда спорт үйір­месі жұмыс істеп, көптеген жастар шыңдалып шықты.

Бертін келе ол туған ауылында мектепте мұғалім, одан кейін Жа­лағаштағы балалар және жасөс­пі­рімдер спорт мектебінде инс­пек­тор қызметінде жүріп көпте­ген та­­лант­ты спортшыны тәр­бие­леп шы­ғар­ды. Баз біреулер се­кіл­ді кәсі­бі­не жеңіл қараған жоқ. Жат­тық­­ты­­ру­шы болған күн­нен бас­тап өз қызметіне ынта-ықы­ла­сы­мен кірісті. Спорт саласын­дағы же­тіс­тіктер өздігінен оп-оңай келе қой­майды. Таланттарды дайын­да­ған бап­­кердің жанкешті маңдай тері, ты­нымсыз тірлігі жатыр. Бі­лікті бап­кер кездеспесе спортшы қанша қара күштің иесі болғанымен же­ңіске жете алмайды. Ал бапкер бо­лып шәкірттерінің ішкі әлемін тани білу, тәрбиелеу үлкен қабілет. Кез келген бапкер қадір-қасиетін абыройын сақтап, шәкірттеріне ме­йірімді, қамқор болуы тиіс. Білім мен біліктілігін шыңдамай биіктен көріну мүмкін емес.

Ойлап отырса, осы уақытқа де­йін өзі дайындаған халықаралық додаларға қатысып, жеңістерге жетіп, еліміздің абыройын ас­қақ­татып жүрген шәкірттері канша­ма?! Мәселен, өзі баптап бай­рақты бәсекелерде сенімін ақ­таған ҚР Спортына еңбегі сің­ген жаттық­ты­рушы, спорт шебері, дзюдо тү­рінен халықара­лық дәрежедегі тө­реші Садық Мұстафаев, бірнеше дүркін халықаралық турнирдің жүлдегері, спорт шебері Уалихан Жадақов, спорт шеберлері Бақыт Дүйсенов, Арун Жолдасбаев, спорт шеберлігінен үміткер Гүлдана Қап­парова, Базарбек Әбенов, Тоқ­тар Жаппасов, Аян Асылбеков, Еңбек Сымабаев, облыстық, респуб­лика­лық турнирлерде топ жарып жүрген Нұрсұлтан Ахметов, Нұрхан Әбиев, Еркінбек Тобжанов секілді жергілікті палуан шәкірттерімен мақтанады. Бұлардың көпшілігі қа­зіргі таңда спорт саласында қызмет атқарады.

«Жаттығу кезінде көп еңбекте­ніп, ширамаған бала жарыста же­ңіске жете алмайды. Ең бірінші жүрек керек. Сонан соң асықпай ақырын жүріп, анық басып, іс-қи­мылға көшкен палуан мақсатына, яғни жеңіске жетеді» дейді ардагер ағамыз.

2008 жылы туған ауылы Мә­дениетте балалар және жасөспірім­дер спорт мектебі ашылғанда ауыл тұрғындарымен бірге ағамыздың да қуанышында шек болған жоқ. Қуанбағанда ше, талапкер спорт­шыларды іріктеп тәрбиелеп, ауыл спортын дамытуға толық мүм­кін­дік туды. Сол мектепке дирек­тор болып тағайындалып, өзі бас­шылыққа келді. Бірақ жаңадан ашыл­ған спорт мектебінің жұмы­сын жүргізіп, одан әрі жандандыру оңай емес. Алда атқарылар қыруар жұмыс күтіп тұр еді. Бірінші ке­зекте он екіде бір сайманы жоқ жаңадан салынған спорт нысанын жабдықтап, спорт құралдарымен қамтамасыз ету, жаттықтырушы ма­мандар табу керек болды. Амал нешік, жарғақ құлағы жастыққа ти­мей, зыр жүгіріп жүріп аудан, об­лыс басшыларын жағалап, жағ­дай­ды баяндап, өтініш айтуына тура келді.

Демеушілер іздеп, көмек сұ­ра­­ды. «Көш жүре түзеледі» деген, көп ұзамай жұмысы жүре бас­та­ды. Мектепке жас палуан­дар жат­­ты­­ғатын кілем, матрас­тар әке­лін­ді. Мектеп ауласына во­лей­бол, футбол алаңдары салынды. Бала­ларды спортқа даярлап, тәр­бие­лей­тін жат­тықты­рушы маман­дар да табылды. Сөйтіп, спорт мек­те­бінің материалдық-техника­лық ба­засы жаңартылып, спортшы­лардың дайындалуына барлық жағ­дай жасалды. Спорт мектебінің филиалдары өзге ауылдарда да ашыла бастады. Яғни Мәдениет ауылындағы №14 балалар және жасөспірімдер мектебіне қарасты Бұ­қарбай батыр ауылында еркін күрес, Аламесек ауылында қол до­бы, Еңбек ауылында волейбол, бокс, Мырзабай ахун ауылында бокс, таэквандо, Жаңаталап ауы­лында дзюдо, Мақпалкөл ауылында қазақ күресі, кикбоксинг, Аққыр ауылында ауыр атлетика үйірмелері жұмыс жасайды.

Аталған ауылдардағы спорт үйірмелерінде 692 шәкірт жатты­ғулардан өтіп, байрақты бәсеке­лер­ге дайындалады. Мұндағы 9 спорт түрі бойынша 80-ге жуық жас­өспірім спорт шеберіне үміткер атағын орындаса, 1-разрядты 40 спортшы бар. Бұлардың барлығы аталған спорт түрлері бойынша об­лыстық, республикалық турнир­лерге қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр.

Кезінде «1 Май» ауылдық ке­ңесіне қарасты «Қызыл жұлдыз» колхозының жылқысын баққан әке­сі Ахмет құлын, тайларды ұс­тап тырп еткізбейтін өте қарулы кі­сі болған екен. Оның халыққа жа­саған емшілік қызметі жайлы да ел ара­сында айтылып жүр. Ал анасы Бей­біт Оразымбетова ұзақ жыл білім саласында ұрпақ тәрбиелеп, есімі ел жадында қалған және «Қызыл жұл­дыз» мектебінің қазығын қағып, ашылуына атсалысқан алғашқы ұс­таздардың бірі. Мәдениеттегі мек­тепте Бейбіт апай бастауыш сы­нып оқушыларына сабақ берді.

Бір сөзбен айтқанда, ҚР құрмет­ті спорт қайраткері Қ.Ахметов қырық жыл ғұмырын спорт саласына ар­нап, қазақ күресі мен самбо, дзюдо түрінен небір талантты жастарды тәрбиелеп шығарды. Айта кету ке­рек, маңдай терін төгіп, 10 спорт шеберін, 30 спорт шеберіне үміт­кер, 100-ден астам 1-разрядты пал­­уандарды тәрбиелеп, дайындап шы­­ғарған білікті бапкердің есімін бүкіл Сыр елі ерекше құрмет тұ­тады.

Биыл 75 жасқа толған тәлім­гер үйде қол қусырып қарап отыр­май студенттер мен мектеп оқу­шылары арасында спорттың пай­дасы мен маңызын түсіндіріп, сала­уатты өмір салтын насихаттап келеді. Адал қызметімен абырой асқа­ры­нан кө­рінген ардагер ағамыз өсіп-өнген өрісі кең отбасының бәй­терегі. Ұзақ жыл әлеуметтік қамсыз­дан­дыру саласында қызмет етіп зей­нет­керлікке шыққан жұбайы Рыс­күл екеуі 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, оншақты немере сүйіп отыр.

 Серік БЕРТАЕВ,

Қызылорда облысының

Құрметті ардагері