Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Сыр журналистикасының саңлағы Сағитжан Бермағанбетовті еске алуға арналған шағын футболдан облыстық турнир өтті.
Ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Журналистер қауымының қоғамдағы орны мен еңбегінің маңыздылығына тоқталды.
Спорттық шараға аймақтағы телеарна және газет журналистерінен құралған 6 команда қатысты. Атап айтқанда, «Qyzylorda» телеарнасы, меншікті тілшілер, «Сыр медиа» ЖШС, «Қоғам ТВ» телеарнасы, «Ағаш pen» және облыс әкімдігі командасы.
Турнир қорытындысы бойынша Қызылорда қоғамдық телеарнасы жеңімпаз атанса, «Qyzylorda» телеарнасы екінші орынды еншіледі. Ал меншікті тілшілерден құралған команда үздік үштікті түйіндеді.
Сондай-ақ ерекше ойын өрнегімен көзге түскен ойыншылар арнайы номинациямен марапатталды. Олардың қатарында Абзал Жолтерек, Бауыржан Қожамұратов, Шыңғыс Нұрбай және Нұрлан Жақыпбек бар.
Спорттық шара өңір журналистері арасында салауатты өмір салтын насихаттап, әріптестік байланысты нығайтуды көздейді.
«СБ» ақпарат





