Бақылаудың жаңа тәртібі

268

0

Облыс көлемінде өткен жылы жұқпалы аурулар бойынша тұрақты эпидемиологиялық ахуал қалыптасты, 52 нозология бойынша ауру тіркелген жоқ. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 25 нозология бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуіне қол жеткіздік. Осы орайда профилактикалық екпелердің айрықша маңызын атап өту керек. Соңғы 15 жылда вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулардың, оның ішінде құрөзек, сіреспе, гемофильді инфекция, полиомиелит, паротит, пневмококк инфекциялары тіркелген жоқ. Егу шараларының нәтижесінде «А» вирусты гепатитпен ауыру көрсеткіші 2024 жылмен салыстырғанда 3,2 есе азайған. Көкжөтелге шалдығу деректері 37,6 есе, қызылша аурушаңдығы 4,6 есе төмендеген.

Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес вак­цина арқылы басқарылатын жұқпалы ау­руларға қарсы профилактикалық екпе­лермен жалпы қамту көрсеткіші 96,8 пайызға жетті.

Аса қауіпті инфекциялық аурулар туралы айтар болсақ, былтыр Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан об­лыста эпидемиологиялық ахуал күрделі болды. Есепті кезеңде 13 дерек, оның ішінде бір өлім жағдайы Қармақшы ау­данында тіркелді. Қолайсыз деп та­нылған 11 елді мекенде кенеге қарсы за­лалсыздандыру жұмыстары екі ке­зең­мен жүргізіліп, тиімділік көрсет­кіші 98 пайыз болды.

Туберкулез ауруының 355 жаңа жағдайы тіркеліп, аурушаңдық көр­сет­кіші 7,1-ге төмендеді. Бруцеллез ау­руының 19 жағдайы есепке алынып, са­лыстырмалы түрде төмендеу тенден­циясы байқалды.

Ауызсу сапасына тоқталатын болсақ, орталықтандырылған сумен жабдықтау объектілерінен микробиологиялық көр­сеткіштерге 2148 су сынамасы алы­нып, оның 33-і талапқа сай келмеді. Са­нитариялық-химиялық көрсеткіш­терге 2083 сынама алынып, оның 99-ында сәй­кессіздік, көбіне құрғақ қалдық, хло­ридтер, сульфаттар нормадан жо­ға­ры екені анықталды. Орталық­тандырылған сумен жабдықтау объек­тілерінде жуу-тазалау және дезин­фек­циялау жұмыс­тары толығымен жүр­гізілді.

Облыстық санитариялық-эпиде­мио­­логиялық бақылау департаментінің маңызды бағыттарының бірі – ішкі сау­да нарығы айналымындағы өнімдер қа­­уіпсіздігін бақылау. Осы мақ­сатта был­тыр сауда орындарынан 1766 өнім сынамасы сатып алынды. Ба­сым үлесі 69,7% – тағам өнімдері және 30,3% – тамақ емес өнімдер. Жүргі­зіл­ген са­рап­тамалар нәтижесімен 317 үлгі тех­ни­калық регламент талаптарына сай кел­меді. Атап айтқанда, микро­био­ло­гиялық көрсеткіш бойынша 4, фи­зи­ка­лық-химиялық көрсеткіш бойын­ша 11, таңбалануы бойынша 247 жә­­­не фи­зикалық факторлар бойынша 4 сәй­кес­сіздік анықталды. Сәйкес келме­ген өнімдер бойынша 100 сауда объек­тісіне жедел ден қою шараларын қолдану туралы қаулы рәсімделіп, жалпы құны 1241 539 теңге болатын 818 килограмм өнім сатылымнан алынды.

Былтырғы өзгерістердің бірі – 1 қыр­күйектен бастап балабақша мен мек­тептерде, колледждерде жаңа тамақтану стандарты іске қосылды. Басты өзге­рістер – тұз мөлшері 5 есе, қант мөл­шері 3,6 есе азайтылды. Көкөністер, же­містер және сүт өнімдерінің үлесі арт­ты. Шұжық өнімдері, ысталған та­ғамдар мәзірден алынып тасталды. Тәт­ті сусындар орнына су, сүт, сүт­қыш­қылды өнімдер мен компоттар ұсы­нылуда. Бұдан бөлек, «Жеуге жа­рамсыз­дық индексі» ұғымы енгізілді. Ол балаларға ұсынылған тамақтың та­лапқа қаншалықты сәйкес келетінін ба­қылауға мүмкіндік береді. Егер көр­сеткіш 30 пайыздан жоғары болса, мә­зір түзетіледі. Оқу жылында «Жеуге жарамсыздық индексі» бағалана отырып, оның іске асырылу барысына мониторинг жүргізілуде. Нәтижесінде бірқатар ұсыныс әзірленіп, 2026 жылға төрт апталық перспективалы ас мәзіріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, көп қалдық қалатын арпа көжелер, қарақұмық, қызылша салаты алынып тасталып, орнына сүт көже, сүт-қатық, балғын салат (қияр мен қызанақ) қосылды. Мониторинг жұмыстары тұ­рақты жүргізіледі.

Халықтың санита­риялық-эпиде­мио­логиялық саламат­ты­лы­ғы бағытын­да мемлекеттік қызметтің 6 түрі бо­йын­ша 1778 өтініш түсті. Оның 1070-і қанағаттандырылып, рұқ­сат құжат­тары берілді, 668 өтінішке дә­лел­ді бас тартулар ұсынылды. Талдау көрсет­кен­дей, жыл сайын мемлекеттік қызмет алу­шылар саны артып келеді, өткен жылы 329 өтінішке өскен.

Былтыр 15 жоспарлы тексеру жүр­гізілді. Нәтижесінде 14 заңбұ­зу­шылық анықталып, 3 578 360 теңге айыппұл, жоспардан тыс 124 тексеру жүр­гізі­ліп, оның қорытындысымен 124 заңбұзу­шылық тіркеліп, 22 785 730 теңге көле­мінде айыппұл салынды.

Халықтың санитариялық-эпиде­мио­логиялық саламаттылығын қамтамасыз ету бағытындағы шаралар әрі қарай жалғасады. Басым бағыттардың бірі 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап мектептерде, балабақшаларда, лагерьлерде және ба­лаларға арналған басқа да ұйымдарда бақылаудың жаңа тәртібі енгізіледі. Басты мақсат – әр бала үшін қауіпсіз, сау және жайлы орта қамтамасыз ету.

Бұдан не өзгереді? Жоспарлы тек­серулер енді екі санат бойынша жүргі­зіледі. Жоғары қауіп – кем дегенде жарты жылда бір рет тексеру. Төмен қауіп – жылына бір реттен артық емес. Бұл ретте тексерілетін объектілердің тізімі ата-аналар мен қоғам қандай мекемелердің бақылаудан өтіп жатқанын көруі үшін ашық жарияланады.

Объектілерге бару арқылы жүргі­зілетін мониторинг бақылаудың жаңа форматы бұзушылықтарды жедел анық­тауға мүмкіндік береді. Мектеп­тердің оқу жылына, лагерьлердің жазғы маусымға және медициналық мекемелердің эпи­демиялық сынақтарға дайындығын ба­ғалау үшін Мемлекет басшысының, Үкі­меттің және Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің тапсырмалары бойынша тексерулер жүргізіледі.

Ең маңыздысы, алғашқы тексеруде айыппұлдар қолданылмайды. Ұйымдар кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік алады.

Сондай-ақ санитариялық дәрігерлер­дің өкілеттіктері кеңейтіледі: бас мем­ле­кеттік санитариялық дәрігерлер жү­йелі бұзушылықтарды жоюды талап ете­ді, нұсқамаларды жергілікті және мем­ле­кеттік органдарға жіберіп, қауіп­сіздік стандарттарын арттыруда мекеме­лерге қолдау көрсете алады.

Биыл мына бағыттарға басымдық беріліп отыр:

– халықты инфекциялық ауруларға қарсы екпемен қамту белсенділігін одан әрі арттыру;

– облысымыз табиғи ошақ болған­дықтан Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шараларын қар­қындату. Дайындық жұмыстары қазір­ден басталып кетті;

– білім беру мен тәрбиелеу объек­тілерін, қоғамдық тамақтану орындарын санитариялық-гигиеналық талаптарға сәйкестендіру жұмыстарын күшейту;

– аурушаңдықтың алдын алу және абайсызда улануынан болатын өлім-жітім көрсеткіштерін төмендету үшін өндірістік объектілердің жұмыс орын­дарындағы қызметкерлердің еңбек жағ­дайын бақылау;

– халықтың санитариялық-эпиде­мио­логиялық саламаттылығы саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру;

– техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін өнімге қатысты бақы­лауды күшейту;

– сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды күшейту.

Гүлмира СЫЗДЫҚОВА,

облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау

департаментінің басшысы