Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII cъезіне қатысу үшін Астанаға арнайы келген Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы шейх Мұхаммед бен Абдулкарим Әл-Исамен кездесті.
Президент еліміздің діндер арасындағы диалогты дамыту бастамасына ұдайы қолдау көрсетіп, бейбітшілік пен келісім идеяларын насихаттауға елеулі үлес қосып келе жатқан ұйым басшысына ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан ішкі және сыртқы саясатта дінаралық, сондай-ақ мәдениетаралық келісімді сақтауға ерекше мән береді. Президент 22 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі осының айқын көрінісі екенін атап өтті. Сонымен қатар ортақ күш-жігердің арқасында Қазақстанның бастамасы жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға зор ықпал ететінін айтты.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы ынтымақтастық одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы Астанадағы дәстүрлі съезді адамгершілік құндылықтарын дәріптейтін ерекше пікір алмасу алаңы ретінде жоғары бағалап, еліміздің өсіп-өркендей беруіне тілектес екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы әлемдегі конфессияаралық келісімді нығайтуға және ислам өркениетін кеңінен танытуға қосқан елеулі үлесі үшін Мұхаммед бен Абдулкарим Әл-Исаны I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Киберқауіпсіздік жөніндегі отырыс өтті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтарға арналған цифрлық ортаны қорғау мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті.
Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыруды көздейтін міндет жүктегенін айтты. Бұл үшін кешенді шара қабылдау, соның ішінде киберқауіпсіздік саласында да ауқымды жұмыс атқару қажет.
Жиын барысында қазіргі заманғы киберқатерлер мен оған қарсы іс-қимыл әдістері, аса маңызды ақпараттық инфрақұрылымды қорғау, киберқауіпсіздік индустриясын дамыту және кадр даярлау жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Кеңесте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев баяндама жасады.
Президент киберқылмыспен, соның ішінде кибералаяқтықпен күрестің маңызына тоқталды. Сонымен қатар киберқылмыстарды тергеуге қатысатын мемлекеттік органдардың құзыретін арттыру шараларына баса назар аударды.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың жеке деректерін қорғауды және дербес мәліметтерді таратқаны үшін берілетін жазаны күшейтуді басты міндет ретінде атады. Сондай-ақ киберортадағы қауіпсіздік пен жауапты әрекет қағидаттарын халыққа кеңінен түсіндіріп, алдын алу жұмыстарын күшейту қажет.
Отырыс соңында Мемлекет басшысы стратегиялық тәуекелдерді азайтып, киберқауіпсіздік мәселелерін жүйелі түрде шешу мақсатында бірқатар шара қабылдауды тапсырды.
Сыйы мол Сырдың жәрмеңкесі
Қыркүйектің 13-14-і күндері Астана қаласында Қызылорда облысы тауарөндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге 50 жүк көлігіне тиелген 60-қа жуық тауарөндірушінің құны 200 млн теңге болатын 500 тоннаға жуық өнімі апарылды. Атап айтқанда, 200 тоннадан астам күріш, 10 тонна ет, 20 тоннаға жуық балық, 160 тонна бақша өнімдері, 80 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, 15 тоннаға жуық сүт және кондитер өнімдері, 5 тонна ас тұзы жеткізілді. Сондай-ақ жәрмеңке аясында Сыр елінің өнерпаздары қатысқан мәдени-танымдық концерттік бағдарлама елордалықтарға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында аймақтың ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Бәсекеге қабілетті өнім өндіру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолға қойылған.
Осы жылдың 7 айында ауыл шаруашылығында 46,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 2,6%-ға артты.
Облыс бойынша 189,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді, атап айтсақ, дәндi дақылдар 92,9 мың гектар, майлы дақылдар 5,7 мың гектар, малазықтық дақылдар 73,3 мың гектар, картоп, көкөнiс, бақша 17,4 мың гектар. Үкімет бекіткен Жол картасына сәйкес 80,9 мың гектар жерге күріш себілді.
Шаруашылықтар егін жинауға қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен, жанар-жағармай, минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілген.
Бүгінде егін жинау науқаны қарқынды жүруде. Ерте егілген дәнді дақылдар толық жиналып бітті. Қазір малазықтық, майлы дақылдармен қатар көкөніс, бақша және күріш жиналуда.
Аймақта мал шаруашылығын дамытуға жасалған қолдаудың нәтижесінде төрт түлік мал басы өсіп, өнім өндіру ұлғайды. Облыс бойынша 2025 жылдың 1 тамызына 425,4 мың бас ірі қара, 830,3 мың бас қой мен ешкі, 270,7 мың жылқы, 66 мың түйе және 126,8 мың бас құс тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ірі қара 0,5%-ға, жылқы 9,7%-ға, түйе 1,2%-ға, құс 1,2%-ға артты.
Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты қарқынды дамып келеді. Биыл облыстан құны 18,8 млн долларды құрайтын 37,7 мың тонна өнім әлемнің 19 мемлекетіне экспортталды. Барлық экспортталған өнімнің 89,4 пайызын құрайтын күріш өнімі Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина, Әзербайжан, Өзбекстан, Грузия, Моңғолия және Ирак мемлекеттеріне жіберілді.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аймақта инвестжобалардың жол картасы әзірленіп, жалпы құны 57,1 млрд теңгені құрайтын 30 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жобалар өңір экономикасын одан әрі өркендетуге бағытталған.
«СБ» ақпарат





